Ағымдағы жылы ҰБТ тапсыру форматы өзгермейді - вице-министр

АСТАНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылы Ұлттық бірыңғай тест тапсыру форматы еш өзгеріссіз қалады. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков елордада өткен ҰБТ өткізуді ұйымдастыру және дайындық мәселелері бойынша кеңейтілген мәжілісте мәлім етті.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, іс жүзінде ҰБТ форматы өзгермегенімен, өткен жылы екі форматта, атап айтқанда тесттік және емтихандық форматта өткізу туралы ұсыныстар болған. Оның пайымдауынша, мектеп бітіруші тест тапсырғаннан кейін жоғары оқу орнына түсу үшін қайтадан 3 пәннен сынақ тапсыртудың еш қажеті жоқ. «Мұндай екі нұсқаға қоғам, Денсаулық сақтау министрлігі сондай-ақ бірқатар депутаттар қарсылық білдірді. Дегенмен қазіргі уақытта басқа сипаттағы ұсыныстар да түсуде. Мәселен, Парламенттің бірқатар депутаттары педагогикалық мамандықтар бойынша қосымша шығармашылық емтихан енгізу қажет деп санайды. Олардың пайымдауынша, бұл болашақ мамандық иесінің балалармен жұмыс істеу мүмкіндігін, психологиялық даярлығын, оқушылармен тіл табыса алатындығын және кәсіби жағынан жарамдылығын бағалауға мүмкіндік бермек. Егер біз олардың бұл ұсыныстарын қабылдасақ ертең басқа бағыт өкілдері де соны талап етпей ме», деді өз сөзінде вице-министр. Сонымен қатар оның айтуынша, ағымдағы жылы түлектердің жинаған баллдарының төменгі шегі 50, жалпы медицинаның медициналық мамандықтар үшін 55 балл болмақ. Тест тапсыруға берілетін уақыт сол күйінде қалып, 3,5 сағатты құрайды. Ал жинаған баллыңа сенімсіздік білдірсең тест нәтижесі жарияланғаннан сәттен бастап келесі күнгі сағат 13,00-ге дейін шағым-өтініш беруіңе болады.

«Наурыздың 10-ы мен сәуірдің 10-ы аралығында еліміздің барлық мектептерінде сынып жетекшілерінің басшылығымен түлектер ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш бланктерін толтырады», деген вице-министр кейбір жағдайларда сыныптағы үлгерімі нашар оқушыларды сынаққа жібермей қоятын оқиғалардың да кездесетіндігін атап өтіп, оған жол берілмеу керектігін баса айтты.
Оның баса назар аударған тағы бір мәселесі тест сұрақтарына қатысты өрбіді. «Тест сауалдары жыл сайын тексеріліп, сұрыпталады. Қазіргі уақытта Абылайдың атының тісі қанша, пәленбайдың қанша әйелі болған деген сияқты анекдотқа айналған сұрақтар жоқ», деп нықтай түсті.

Тест тапсырмалары мектеп бағдарламасына сәйкес келеді, осыған орай оны әзірлеуге мектеп оқулықтарының авторлары да тартылған. Өткен жылдың қараша айында тест тапсырмаларына сараптама жүргізіліп, жарамсыз сұрақтар алынып тасталған. «Қаңтар айында тест тапсырмаларының базасы жабылып, мемлекеттік дәрежедегі құпия режіміне ауыстырылды», деді М.Сарыбеков.