14:14, 29 Сәуір 2009
Ағымдағы жылы Ұлттық қордан бөлінген қаржының есебінен 25 жоба іске қосылатын болады - «ҚазАгро» холдингі
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ұлттық қордан бөлінген қаржының есебінен 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ.
Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңестен кейін журналистер сауалына жауап берген «ҚазАгро» холдингінің Басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл «ҚазАгро» Ұлттық холдингі бойынша бұрын басталған жалпы сомасы 25 миллиард теңгенің 78 жобасын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал Ұлттық қордан бөлініп жатқан қаржының есебінен осы жылы 100 миллиард теңге қаржыға 55 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталды, ал оның 30 миллиард теңгеге тарта сомадағы 25 жобасы ағымдағы жылы іске қосылатын болады», - деді А. Мамытбеков.
Оның айтуынша, екі жылдың ішінде Ұлттық қордан бөлінген қаржының есебінен 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ. Ал бұдан бұрын басталған 78 жоба бойынша 2,5 мыңға тарта жаңа жұмыс орындары құрылады.