15:51, 30 Наурыз 2009
Ағымдағы жылы жарық көруі тиіс мектеп оқулықтары бірқатар кемшіліктер орын алғандықтан тоқтатылды ? Ж. Түймебаев
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылы шығуы тиіс мектеп оқулықтары бірқатар кемшіліктер орын алғандықтан тоқтатылды. «Қазақстандағы оқулық мәселесі тек орта білім саласы үшін емес, кәсіптік-техникалық және жоғары оқу орындары үшін де өзекті болып отыр.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан балалары» бағдарламасының жүзеге асуы тақырыбында өткен Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сондықтан осы шарамен айналысатын арнайы сарапшылар комиссиясы құрылып, барлық пәндер, сабақтар бойынша оқулықтар шығару жұмыстары атқарылып келеді. Өкінішке қарай, осы кезеңге дейінгі жазылған оқулықтардың басым бөлігі сапасыз оқулықтар қатарына жатқызылды. Сол үшін қазіргі уақытта 1-11 сынып арасындағы балама оқулықтар жазу ісі қолға алынып келеді. Осыған орай, министрлік 1 мың 200-ден астам оқулықты шығаруды тоқтатқан болатын. Саладағы нағыз мамандардың жеткіліксіздігі, тіпті оларға төленетін жалақының да мардымсыздығы оқулық сапасына тікелей әсер етті деп айтуға болады», - деді министр.
Сөз арасында оқулық жазатын ғалымдармен, авторлармен кездескенін, 300-ге тарта оқулықты өзі қарап шыққанын айтқан Ж. Түймебаев, «ағымдағы жылы да қол қойылуы тиіс оқулықтарды» шығаруды тоқтатқанын атап өтті. «Себебі, биылғы жылы да оқулықтардан олқылықтар орын алып отыр. Ендігі күні қатаң шаралар қабылданбаса болмайды. Бір оқулық шыққанда, оның айналымы 4 жылға белгіленіп, қол қойылады. Сондықтан жыл сайын оқулық шығаруға қол қоя берудің қажеті жоқ деген пікірге тоқтап, тиісті авторлардың басын қосып, жұмыс істеп жатырмыз», - деді Ж. Түймебаев.