Ағымдағы жылы жол-көлік оқиғалары 3,3 пайызға төмендеді - ІІМ

АСТАНА. Сәуірдің 26-сыі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылы жол-көлік оқиғаларының саны 3,3 пайызға төмендеді.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің көшпелі Үкімет сағатында «Қазақстан Республикасындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаудың жай-күйі туралы» тақырыпта баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, жол қозғалысы бойынша республика аумағында қабылданып жатқан шаралар еліміздің барлық өңірлеріндегі апаттылықты едәуір төмендеткен. «Мәселен, 2009 жылы орын алған жол-көлік оқиғасының саны 8,8 пайызға, зардап шеккендер саны 9,8 пайызға, қаза болғандардың саны 13,5 пайызға азайды. Жолдарда 2 миллионнан астам құқық бұзушылықтар анықталып, 75,9 мың жүргізуші мас күйінде ұсталды. Ағымдағы жылы жол-көлік оқиғаларының және жарақат алғандардың саны 3,3 пайызға төмендеді», деді С. Баймағанбетов.