Ағзасын донорлыққа бергісі келетіндер неден қорқады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі кезде қоғамда eGov порталында ағза донорлығына келісім берген адам ауыр жағдайға тап болса, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға бар күшін салмайды деген пікір бар.

Фото: Pixabay

Республикалық трансплантология және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының директоры Айдар Ситказинов бұл пікірге түсініктеме берді. 

Оның айтуынша, пациенттің ағза донорлығына қатысты шешімі туралы ақпаратты медициналық ұйым да, бас дәрігер де, емдеуші дәрігерлер де алдын ала білмейді.

— Пациенттің қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім беріп-бермегенін медициналық ұйым да, бас дәрігер де, стационар дәрігерлері де білмейді. Мұндай мәлімет тек ми өлімі диагнозы қойылғаннан кейін ғана белгілі болады. Диагноз консилиумде расталғаннан кейін ғана біз Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығына сұрау жолдап, азаматтың келісім бергенін немесе бас тартқанын анықтаймыз, — деді Айдар Ситказинов.

Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

Оның сөзінше, егер азамат тірі кезінде ағза донорлығынан бас тартса, донорлық процесс мүлде басталмайды.

— Биыл осындай үш жағдай болды. Азамат тірі кезінде бас тартқандықтан, донорлық процесс тоқтатылды. Ал егер пациент тірі кезінде келісім берсе немесе бұл туралы ешқандай шешім қалдырмаса, қазіргі тәртіп бойынша міндетті түрде туыстарының келісімі сұралады. Егер жақындары қарсы болса, донорлық процесс жүргізілмейді, — деді орталық басшысы.

Сонымен қоса, Айдар Ситказинов Денсаулық сақтау кодексінде туыстарының міндетті келісімін алу туралы талап жоқ екенін атап өтті. Алайда Кодексті іске асыратын Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы бұйрығына сәйкес, қазір дәрігерлер азамат тірі кезінде келісім бергеннің өзінде оның жақындарының рұқсатын сұрайды.

— Қазір адам тірі кезінде келісім берген жағдайда, туыстарының рұқсатын сұрамау мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ әзірге мұндай норма күшіне енген жоқ. Сондықтан азамат тірі кезінде донорлыққа келісім берсе, бұл туралы жақындарымен алдын ала сөйлескені дұрыс, — деді ол.

Фото: Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы

Оның айтуынша, тәжірибеде марқұмның көзі тірісінде айтқан еркі туыстарының шешім қабылдауына әсер етеді. Мәселен, жуырда Шымкентте қаза тапқан 18 жастағы жігіттің әпкесі оның көзі тірісінде донор болуға келісетінін айтқанын білгендіктен, ағзаны алуға рұқсат берген.

Сонымен қоса, ол дәрігерлер мен ауруханалар ағза донорлығынан қаржылай да, басқа жағынан да пайда көрмейтінін баса айтты. Керісінше, мұндай жағдайларда марқұмның жақындарымен сөйлесу, құжаттарды рәсімдеу, тексеру органдарына есеп беру секілді қосымша жауапкершілік туындайды.

— Дәрігерлердің басты міндеті — науқастың өмірін сақтап қалу. Сондықтан адамның ағза донорлығына келісім беріп-бермегені медициналық көмек көрсетуге ешқандай әсер етпейді, — деп түйіндеді Айдар Ситказинов.

Еске салайық, елімізде донорлық ағзаға мұқтаж 4739 адам трансплантация кезегінде тұр. Олардың 125-і — балалар.