АХҚО арқылы қандай компаниялар IPO-ға шығарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Астана" халықаралық қаржы орталығының алғашқы ірі қадамы ұлттық компаниялардың акцияларын жария орналастыру болмақ. Бұл туралы бүгін Astana Finance Days сессиясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Біздің алғашқы ірі қадамымыз АХҚО Биржасына аса ірі ұлттық компаниялардың акцияларын жария орналастыру болмақ. Біз IPO-ға ұлттық экономика алыптары - «Эйр Астана», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақтелеком» компаниялары шығарылады деп жоспарлап отырмыз. 2020 жылдың соңына дейін еліміздегі басқа да аса ірі «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта», «Таукен Самұрық» және «Қазақ Эйр» компанияларының акциялары шығарылады", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысының пайымынша, бұл бизнес пен инвесторлар үшін бірегей мүмкіндіктер.

"Күні кеше ғана Астанада әлемнің 40 елінен 500 ірі кәсіпкердің және инвесторлардың қатысуымен жыл сайынғы «Қазақстанға жаһандық инвестициялар мәселелері жөніндегі» дөңгелек үстел отырысы өтті.  Инвесторлардың Үкіметпен тікелей диалог орнатуы, серіктестермен пікір алмасу елімізде жұмыс істеуге жоғары инвестициялық қызығушылық бар екенін көрсетті. Дөңгелек үстел аясында жалпы сомасы 4,8 млрд АҚШ долларына 30-ға жуық түрлі коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Біз инвесторлардың мұндай сенімін бағалаймыз. Қазақстан Үкіметі барлығыңызды АХҚО қатысушысы болуға шақырады. Қазақстан өзінің жаһандық ашықтығын және сіздермен диалог орнатуға әзірлігін растайды!", - деді Премьер-Министр.