АХҚО-да қанша адам жұмыс істейтін болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ашылу салтанатынан кейін баспасөз мәслихатын өткізген Қайрат Келімбетов аталмыш орталықта қанша адамның жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баспасөз мәслихаты барысында «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысына жаңа орталықта қанша адамның жұмыс істейтіні туралы сұрақ қойылды.

«Анық түсіндіру үшін бізде бірнеше органның болатынын айтып өткім келеді. Олар - әкімшілік, сот, биржа. Біздің штаттық санымыз - 200 адам болады», - деді Қайрат Келімбетов.

Еске сала кетсек, елордадағы Конгресс холл орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу рәсімі өтті.

Қаржы орталығының ашылу салтанатында Мемлекет басшысы айтулы күнге - ««Астана» Халықаралық қаржы орталығы - Тәуелсіз Қазақстанның жаңа парағы» деп баға берді.