АХҚО-да тағлымдамадан өтіп, шетелдік компанияда қалай жұмыс істеуге болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде заманауи жұмыс беруші мүдделік танытатын қызметкерлерде ең бастысы қандай қасиет болуы керек және «Астана» халықаралық қаржы орталығынан тағлымдамадан қалай өтуге болады? Дәл осы сауалдарға «Астана» ХҚО Әкімшілігі» АҚ басқармасының мүшесі, кадрлық даму бағытына басшылық жасайтын басқарушы директоры Ернұр Рысмағамбетов кеңінен жауап берді.

- Ернұр, ең алдымен АХҚО Бюросының қызметі жайында айтып берсеңіз.

- Үздіксіз кәсіби даму бюросы АХҚО комитеті Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Келімбетовтің бастамасымен қаржы орталығының ең бірінші құрылымдық бөлімшесі ретінде  ашылған болатын. Оның мақсаты - ұзақмерзімді келешекте қаржы орталығының кадрлық және мансаптық мәселелерде бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру және қолдау. Өйткені, адами капитал кез келген табысты ұйым үшін негізгі ресурс және өсім нүктесі саналатындығы белгілі.

Біздің міндетіміз - қаржы нарығының жергілікті мамандарының кадрлық әлеуетін дамытуда халықаралық кәсіптік сертификатты дәріптеу, АХҚО-ның экожүйесінде және тысқары одан ары жұмыс істеу үшін халықаралық деңгейдегі кәсіби мамандардың кадрлық резервін құру.

Біздің қызметімізде инвестициялық сауаттылықты ілгерілетуге айрықша назар аударылған. Ол үшін тақырыптық шаралар өткізіп тұрамыз. Мәселен, қазіргі уақытта біз IOSCO - World Investor Week-2018 жаһандық жобасына қатысып жатырмыз. АХҚО тіркеушісі - AFSA (Astana Financial Services Authority) қолдауымен IOSCO халықаралық инвесторлар апталығы аясында Атырау, Қарағанды, Шымкент, Қостанай, Өскемен, Алматы қалаларында шаралар, сонымен қатар елордада 6 қазанда Инвесторлар күні, 7 қазанда Исламдық қаржыландыру апталығы өтеді.

Бұл бастама қазақстандық 15 университет пен 5 мектептің базасында студетнтерге арналған ақпараттық сессиялар топтамасын, кәсіптік нарық үшін тәжірибелік шеберлік-сабақтарын, АХҚО қызметінің негізгі бағыттарының және академиялық және іскерлік топтар үшін Бюроның халықаралық сертификат бағдарламасының тұсаукесерін қамтиды. АХҚО бюросының делегациясы қазірдің өзінде AlmaU, ҚазҰУ, Narxoz, KIMEP, СДУ, UIB, ҚБТУ университеттерінде болып, ректорлармен және студенттермен кездесулер өткізді.

World Investor Week -  бұл IOSCO-мен серіктестікте инвестициялық сауаттылықты қалай арттыруға болатындығы жайлы маңызды бастамамен сөз сөйлеуге берілген тамаша мүмкіншілік. Халықаралық инвесторлар апталығы АХҚО экожүйесіндегі әлеуетті қатысушылар мен серіктестер үшін қаржы орталығы қызметінің негізгі бағыттары бойынша басты бастамаларын дамытуға тың серпін береді.

- АХҚО мисиясы неде деп ойлайсыз?

- Бюро халықаралық тәжірибені жергілікті даналықпен топтастыра отырып, халықаралық стандарттарға, жұмыс берушілер мен кәсіптік нарық қатысушыларының шынайы қажеттілігіне қарай нарық пен академиялық әлемді бұруға баса назар аударады. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Кадрлық резервті құрумен АХҚО-ның Мансап орталығы, ал сертификаттау мен кадрларды дайындаумен Бюро айналысады. Әкімшілік пен Business development office болашақтағы 500 халықаралық қатысушы үшін экожүйе құруда. Бүгінгі күні 70 компания тіркелген. Олардың қатарында исламдық және коммерциялық банктер, халықаралық заңгерлік фирмалар, брокерлер, консалтингтік және ІТ-компаниялар бар.

Бюро қазірдің өзінлде ACCA, FRM, CFA, HRCI, CEDR бағдарламалар, сонымен қатар исламдық қаржыландыру, сондай-ақ  АХҚО қызметінің негізгі бағыттары бойынша 500-ден астам маманын қайта дайындықтан өткізді. Жалпы, Бюро өз күшімен 2 мың, жергілікті және халықаралық серіктестермен бірге тағы 3 мың кәсіби маманды дайындықтан өткізуді мақсат етіп отыр. Осынау 5 мың кәсіби маман АХҚО-ның кадрлық резервіне алынады және тек қана АХҚО Әкімшілігі мен органдарында ғана емес қаржы орталығының экожүйесіне тіркелген шетелдік компанияларға жұмысқа орналасатын болады.

- Кадрлық резервке қалай кіруге болады?

- Егер сіз Мансап орталығының пулына енгіңіз келсе, онда түйіндемеңізді cc@aifc.edu.kz мекенжайына жіберіңіз. Бұл АХҚО-ға және тіркелген резидент-компанияларға жұмысқа орналасудың жалғыз ғана жолы.

Ол үшін Бюро аталған кандидаттарды оқытады және халықаралық компанияларда талап етілетін қосымша дағдылар мен сертификаттарды береді. Бюро халықаралық қаржы орталығының қатысуымен өңірлерде өзінің жобасына 50 мың адамды қамту және 5 мың маманды дайындау үшін 50 жаттықтырушыны оқытуды жоспарлап отыр.  Курс «студенттерінің» жасы маңызды емес - олар жастармен қатар сертификат алып, мансап жолында жаңа белесті бағындырғысы келетін, ұзақ жылғы жұмыс өтілі бар мамандар да бола алады.. Маңызды шарт - оқуы мен логикалық ойлай білуі. Бюро студенттерінің орташа жасы - 25-35 жасты құрайды.

Әлем үнемі өзгеріп отырады. Қазір жұмыс берушілер өте белсенді қызметкерлерді, қысқа ғана уақыттың ішінде бірдеңені оқып, жоғары нәтиже көрсете алатын мамандарды қажет етеді.

Мұндай ауқымды мақсаттар үшін Бюро дәл осындай курстарды дербес өткізе алатын жүзге жуық серіктесті оқыту процесіне қосу арқылы АХҚО төңірегінде кәсіби даму индустриясын құруды жоспарлап отыр. АХҚО қазірдің өзінде Астанадағы ҚазМЗУ, Назарбаев Университеті, Еуразия ұлттық университеті, Қаржы министрлігі жанындағы Қаржы академиясы сияқты жоғары оқу орындармен тығыз ынтымақтастықта. Ал Алматы қаласында Suleyman Demirel University, ҚБТУ, Narxoz бен Халықаралық бизнес университеттері (UIB) бар. ҚазМЗУ университеті қазірдің өзінде АХҚО-мен бірге өз бағдарламасына 3-4 мамандық енгізсе, UIB университеті қаржы бойынша магистратура бағдарламасын іске қосты.

ТМД аумағында және бүкіл әлемде адам капиталын дамытудың мұндай моделі мүлдем жоқ. АХҚО Бюросы Дубай мен Әбу-Даби халықаралық қаржы орталықтары үшін үлгіге айналып отыр. Олар таяуда ғана дәл осындай институт ашқан болатын. Өз кезегінде АХҚО Сингапур қаржы орталығының тәжірибесін америкалық корпоративтік әдіспен біріктіріп, негізге алған еді. Сингапурлық әдіс шартты гранттар, еңбекпен өтеу арқылы оқушыларды ынталандыруға негізделсе, ал америкалық модельде нәтижеге баса назар аударылады.

- Бүгінгі шынайы жағдайда жұмысқа орналасу үшін шын мәнінде не маңызды?

- Қазіргі уақытта академиялық әлем мен кәсіби қоғамдастық арасында қандай да бір алшақтық бар. Өкінішке қарай, университетте оқытылатын дүниенің 95 пайызы тәжірибеде қолдануға да келмейді. Ең бастысы, жоғары оқу орнынан ойлай білуді, міндеттерді айқындап, шешім қабылдауды алып шығуға болады. Сондықтан да біз нарықтың кәсіби шеберлерін қазіргі жұмыс берушілерге қажетті нақты әрі кәсіптік саладағы жақсы дағды алу есебінен нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін халықаралық сертификат алуға шақырамыз.

- АХҚО-дан қалай тағлымдамадан өтуге болады?

- Қазіргі уақытта Бюро 2019 жылға арналған 2 тағлымдама бағдарламасын іске қосады. Біріншісі - қаңтардан наурызға дейін студенттерге арналған өндірістік тәжірибеден өту тағлымдамалық бағдарламасы. Екіншісі - 3-4 курс студенттеріне арналған ақы төленетін жазғы тағлымдама. Үздік студенттер АХҚО-да және/немесе қатысушы компанияларда одан ары жұмысқа орналасу мүмкіншілігі бар 10 апталық тағлымдамадан өту құқығын алады. Алдағы уақытта өтетін тағлымдамалар туралы толыққанды ақпарат таяу арада Бюроның aifc.edu.kz сайтында қолжетімді болады.