АХҚО-дағы цифрлық активтермен жасалған операциялар көлемі 6 айда 5,5 млрд долларға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Астана халықаралық қаржы орталығындағы цифрлық активтермен жасалған операциялар көлемі осы жылдың 6 айында 5,5 млрд долларға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитеті Авторизациялау және қаржы технологиялары кеңсесінің басқарушы директоры Еркеғали Еденбаев айтты.

Фото: АХҚО

Оның мәліметінше, АХҚО-дағы цифрлық активтер қызметтері провайдерлерінің лицензияланған ортадағы операцияларының көлемі 2023 жылы 320 млн АҚШ доллары болды. Ал былтыр бұл көрсеткіш 10,5 млрд АҚШ долларына жетті.

— Осы жылдың бірінші жартысының ішінде операциялар көлемі 5,5 млрд АҚШ долларына жетті. Осылайша, қысқа уақыт ішінде реттелетін нарық 3 есеге өсті. Клиенттік база да айтарлықтай кеңейді. Егер 2023 жылы клиенттер саны 53 мың болса, бүгінде олардың саны 270 мың адамға жетіп, 400 пайызға артты. Бұл клиенттердің реттелетін ортаға сенімінің артқанын көрсетеді, — деді Еркеғали Еденбаев.

Айта кетейік, Үкімет отырысында цифрлық активтер саласын дамыту мәселелері талқыланып жатыр.