АХҚО ислам құнды қағаздарын дамытуға бағытталған заң жобасын әзірлеуде
«Бүгін ТМД елдеріндегі исламдық қаржыландыру жүйесін дамытуға арналған арнайы конференция өтіп жатыр. Бұл конференцияға тек Қазақстаннан ғана емес, Орталық Азия мемлекеттерінің, ТМД елдерінің өкілдері қатысуда. Жалпы, Астана халықаралық қаржы орталығы исламдық қаржыландыру жүйесін дамытатын болады. Өздеріңіз де білетіндей, бұл бағыттағы Елбасының арнайы тапсырмасы да бар. Біз жұмысты 2009 жылы бастап, қазіргі уақытта біршама жақсы нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Сарапшылардың пайымынша, Қазақстан исламдық қаржыландыру жоғары деңгейде дамыған елдердің қатарында қосылды. Исламдық қаржыландыру жүйесін одан ары дамытуға бағытталған арнайы жоспарымыз да бар», - деді Келімбетов.
Оның атап өтуінше, Астана халықаралық қаржы орталығы ислам құнды қағаздарын, яғни сукукты дамытуға бағытталған заң жобасын әзірлеуде.
«Исламдық қаржыландыру нарығы барынша үлкен, шамамен 2 трлн. долларды құрайды. Қазіргі уақытта көптеген елдер исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға баса назар аударып отыр. Бұған дейінгі 30 жыл бойы исламдық қаржыландыру дәстүрлі түрде Таяу Шығыстың ислам елдерінде, Малайзияда дамыған болса, қазіргі уақытта исламдық қаржыландыру мүмкіншіліктеріне көптеген елдер жүгіне бастады. Ұлыбритания, Люксембург, Жапония, Гонконг сынды елдерде исламдық қаржыландыру қарқынды дамыған. Сондықтан Қазақстан да исламдық қаржыландыруды дамыту мүмкіншіліктерін қарастыру үстінде»,- деді АХҚО басшысы.