Форумға кімдер қатысты және онда қандай мәселелер қаралды?
Ұлыбритания астанасы Лондонда өткен форумға бас-аяғы 150-ден астам бизнес өкілдері қатысқан. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, өңдеу саласы, химия және қаржы секторы, металлургия, баламалы энергетика мен логистика, цифрлық технологиялар саласындағы түрлі мекеме өкілдері болды. Сонымен бірге, форумға Лондон қор биржасы, Mitsubishi UFJ Financial Group, JP Morgan Bank, Deutsche Bank, Morgan Stanley, Ernst & Young LLP, PricewaterhousCoopers сынды әлемдік бірқатар халықаралық корпорациялардың да өкілдері қатысқан.
Қазақстан делегациясын премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев бастап барған. Айтулы шарада АХҚО қызметі, Қазақстандағы жекешелендіру процестері, экономиканың түрлі салаларына инвестиция тарту, Ұлы Жібек жолын жаңғырту, көлік логистикасын дамыту, цифрландыру саласындағы тың жаңалықтар сынды келелі мәселелер талқыланды.
Қазақстандық делегация форумда қандай тақырыптарды тілге тиек етті?
Асқар Жұмағалиев бастаған қазақстандық делегация форум барысында шетелдіктерге еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. «Ұлыбритания - Қазақстан экономикасына инвестиция құйған ең ірі инвесторлардың бірі. Қазақстан тарихында елге әкелінген 300 млрд АҚШ доллары инвестициясының 13 миллиарды британдықтарға тиесілі. Қазақстан тарапы Ұлыбританияны қашан да стратегиялық әріптесі ретінде көреді. Еліміз әрдайым экономиканы әртараптандыруға мүдделі және біз осы орайда, капитал, озық технологиялар мен теңдессіз тәжірибе әкелетін британдық инвесторларды осы жұмысқа тартуға ниеттіміз», - деді Асқар Жұмағалиев.
АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов болса, өңірлік қаржылық хаб - инвесторлар үшін таптырмайтын мүмкіндік екенін атап өтті. «АХҚО өз қатысушылары үшін 50 жылға арналған, жеңілдетілген салық режимін ұсынады. Бұған қоса ол инвесторлар арасындағы дауды ағылшындық құқық негізінде шешуге тырысады. Мұның бәрі АХҚО өңірдегі қаржылық хабқа айналдырады деген сенімдеміз. Сондықтан сіздердің бизнестеріңізді дамыту үшін, АХҚО таптырмайтын алаң болып отыр»,-деді АХҚО басшысы.
Жиын барысында, Ұлыбританияның Қазақстандағы сауда елшісі Баронесса Эмма Николсон, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) төрағасы Сума Чакробарти, ЕҚҚДБ-нің Қазақстандағы директоры Агрис Прейманис және т.б. сөз алған.
Форум аясында қандай келісімдерге қол жеткізілді?
Айтулы шара шеңберінде, қос тарап түрлі келісімдерге қол жеткізді. Дәлірек айтсақ, ЕҚҚДБ және «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ арасында «ШалкияЦинк ЛТД» АҚ несиелік келісімге кепілдік беру туралы келісімге қол қойылды. Сонымен бірге, «Danaher» компаниясы денсаулық сақтау мекемелерін салуға қатысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына қатысуға қызығушылық танытқан. Сол сияқты, «Hinduja Group» және «Rio Tinto» компаниялары Қазақстанмен бірлесе жұмыс жасауға ниетті екендіктерін жеткізген.
Сандар сөйлейді:
Жалпы тұманды Альбион елі Қазақстанның сауда серіктестіктері бойынша үздік ондыққа және ірі 6 инвестордың қатарына кіреді. Айта кетерлігі, Қазақстан мен Англия арасындағы сауда айналымы 2017 жылы 1,5 пайызға өсіп, 1,28 миллиард АҚШ долларын құраған. Ал, экспорт көлемі 926,7 миллион теңгеге жеткен. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өзара сауда-саттықтың жалпы айналымы 252,6 миллион АҚШ долларын құрап, экспорт - 158,8 АҚШ доллар, импорт - 93,8 миллион АҚШ долларынан асқан.
Қорыта айтқанда...
Еске салар жайт, дәл осындай форум АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында да өткен еді. Оған аталмыш делегация өкілдері қатысып, АҚШ тарапына еліміздің инвестициядық мүмкіндіктері таныстырған еді. Артынша, шара аяқталысымен, Асқар Жұмағалиев Елбасы алдында оның нәтижелеріне қатысты есеп беріп, мемлекет басшысы Премьер-министрдің орынбасарына бірқатар тапсырмалар берген еді. Бастысы алып АҚШ пен тұманды Альбион еліне АХҚО-да бизнес жүргізудің мүмкіндіктері таныстырылып, шетел азаматтары өңірлік қаржылық хабтың тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл өз кезегінде, алдағы уақытта АХҚО қатысушылары арасында америкалық және британдық ірі компаниялардың қатарының көбеюіне өз септігін тигізетіні анық.
Фото: primeminister.kz