АХҚО мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ынтымақтастық меморандумына қол қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат оқу ордасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжат аясында тараптар озық тәжірибе мен білім алмасу, сондай-ақ қаржы және ілеспе қызметтер нарығы саласының бәсекеге қабілетін арттыру мақсатында бірлескен білім беру, зерттеу бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыратын болып уағдаласты.  

Құжатқа АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов пен ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов қол қойды.

«Еуразия ұлттық университеті - мемлекетіміздің алдыңғы қатарлы білім мекемелерінің бірі. ЕҰУ білім саласындағы беделі халықаралық деңгейде мойындалып, бірнеше рет марапаттарға ие болды. Бүгін қол қойылған меморандум аясында АХҚО мен ЕҰУ отандық мамандардың кадрлық әлеуетін дамытуға бірлесе үлес қосады», - деді АХҚО басқарушысы Қ. Келімбетов.

Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары - ислам қаржы қызметтері, банк қызметі, капитал нарығы, активтерді басқару, қаржы технологиялары және адами капиталды дамыту саласындағы кәсіби кадр даярлау.

«Меморандумға қол қою - бұл АХҚО мен ЕҰУ арасындағы ынтымақтастық аясында туындаған көптеген ғылыми, кәсіби мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік беретін ғылыми және білім беру процесін дамыту нүктелерінің бірі», - деді ЕҰУ ректоры Е. Сыдықов. 

АХҚО мен ЕҰУ өзара қызығушылық туғызатын салаларда, АХҚО негізінде ғылыми-педагогикалық кадр даярлау үшін лекциялар, тренингтер, мастер-кластар, оның ішінде онлайн режимде өткізуге ниетті.

Сонымен қатар, «Қаржы», «Есеп және аудит» мамандықтары бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура (PhD) деңгейінде бірлескен эксперименттік білім бағдарламаларын дайындау және іске асыру саласында ынтымақтастық қарастырылған.