АХҚО-ның қаржы қызметтерін реттейтін комитеті құрылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Қаржы қызметтерін реттейтін комитеті директорлар кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Жиын барысында комитеттің АХҚО-ның тәуелсіз қаржы реттеушісі қызметін атқаруын қамтамасыз ететін негізгі басқарушылық шешімдер қабылданды, сонымен қатар, АХҚО қатысушыларын тіркеу, аккредитациялау мәселелері бойынша актілер қаралды.

Директорлар кеңесі құрамына қаржы саласы мен қаржы нарықтарын реттеу бойынша тәжірбиесі мол халықаралық деңгейдегі жоғарғы кәсіби мамандар - Ұлыбританияның банкирлер қауымдастығының бұрынғы басшысы Анжела Найт, IOSCO ұйымының бұрынғы бас директоры Грегори Танзер, Ғаламдық даму орталығының президенті Масуд Ахмед, Гарвард университетінің аға лекторы Акаш Дип, Еуропалық Орталық Банк консультанты Иен Савиль сынды мамандар енді.

Директорлар кеңесі комитеттің ең жоғарғы органы, ол атқару органын, жалпы басшылықты қадағалап және стратегиялық бағыттарды айқындап отырады.

Айта кетейік, Қаржы қызметтерін реттейтін Комитет (Astana Financial Services Authority (АФСА) АХҚО-ның қаржы қызметін реттеп отыратын органдарының бірі. Негізгі мақсаты АХҚО аумағында қаржы жүйесінің тұрақтылығына жауап беру және АХҚО алаңқайында ашықтық, әділеттілік, тиімділік принциптері бойынша қаржы нарықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету. АФСА өз қызметін IOSCO, IAIS, BIS секілді белгілі халықаралық ұйымдар реттеген халықаралық талаптарға, қаржы нарықтары мен қажы қызметтерін қадағалау және реттеу саласындағы мықты халықаралық тәжірбиеге сай жұмыс істейді.