АХҚО сингапурлық мамандармен бірлесіп қаржы саласындағы инновацияларды дамытады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сингапурдың ақша-қаржы басқармасы, АХҚО қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті және «Астана» халықаралық қаржы орталығының Әкімшілігі Сингапур мен Қазақстан арасында ФинТех саласында ынтымақтастықты дамыту жөнінде үшжақты келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл келісім AFSA, АХҚО және MAS тараптарының ФинТех саласындағы инновациялық жобаларға қатысып, өз қызметтерінің аясында инновациялық жобаларды дамытуға мүмкіндік туғызады. Келісімге AFSA бас директор қызметін атқарушы Мұхтар Бөбеев, «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Құсайынов және MAS ФинТех бойынша басқарушы директоры Сопненду Моханти қол қойды.

«ФинТех - АХҚО-ның негізгі салаларының бірі. Осыған орай, келісімшартқа қол қоя отырып, біз осы салада халықаралық ынтымақтастықтың кеңейгенін қолдаймыз. Бұл келісім екі ел заң жүйесінің ФинТех саласындағы жалпыға ортақ инновациялар жөнінде ақпарат алмасуын нығайтады», - деді Н. Құсайынов мырза.

«MAS-пен осы келісімге қол қойғанымызға ризамыз. Бұл ынтымақтастықты кеңейтіп, ФинТех қызметі саласында инновациялардың дамуына өз үлесін қосады. Біздің ойымызша, келісім екі елдің инновациялық компанияларына жаңа мүмкіндіктерге жетуге жол ашады», - деді Бөбеев мырза.

 «Келісім Сингапур мен Қазақстан арасындағы ФинТех ынтымақтастығының экожүйесін дамытады. Бұл келісім екі елдің ФинТех саласында қызмет атқаратын компанияларының ынтымақтасуына, бірігіп жаңа мүмкіндіктерді пайдалануына және жалпы ФинТех саласының дамуына өз үлесін қосады», - дейді MAS ФинТех бойынша басқарушы директоры Сопненду Моханти.