Ахмади Маханов Астанадағы J300 турнирінің чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Ахмади Маханов елордада өткен World Tennis J300 Astana халықаралық жасөспірімдер турнирінің жеңімпазы болды, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Фото: ҚТФ

Жасөспірімдер арасындағы жекелей сында өткен финалдық кездесуде қазақстандық теннисші турнирдің алтыншы ракеткасы, Үндістан өкілі Самарт Сахитамен кездесті. Маханов екі сетте сенімді жеңіске жетіп, 6:1, 6:3 есебімен басым түсті және чемпиондық атақты иеленді.

Ахмади чемпиондық атаққа жету жолында негізгі торда бес кездесу өткізді. Екінші айналымда ол Өзбекстан өкілі Абдурахмон Каримовты — 6:4, 6:2 есебімен жеңсе, одан кейін словакиялық Доминик Мацейден — 6:4, 6:2 есебімен басым түсті.

Ширек финалда қазақстандық теннисші украиналық Юрий Столяровты — 7:5, 6:4 есебімен жеңді. Жартылай финалда Маханов Тунис өкілі Скандер Нсаиримен кездесіп, 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, Ахмади Маханов өз алаңында өткен турнирді жекелей сындағы чемпиондық атақпен аяқтады.

Айта кетейік, J300 санатындағы жарыс Астанада World Tennis жасөспірімдер туры аясында өтті. Турнир 7 қыркүйек аптасында басталып, финалдық кездесу 12 қыркүйекте өтті.

Бұған дейін Ахмади Маханов биыл халықаралық аренада тағы бір жетістікке қол жеткізіп, Венада өткен J100 жасөспірімдер турнирінің жұптық сынында жеңімпаз атанған болатын.