Ахметжан Есімов: Алматыда құрылыс ? қала құраушы негізгі салалардың бірі
16:10, 21 Қаңтар 2009
АЛМАТЫ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қалақұраушы негізгі секторлар - қаржы, құрылыс салалары мен шағын және орта бизнес. Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен қалалық әкімдіктің экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыруға арналған дағдарысқа қарсы жоспарды жүзеге асыруға бағытталған Меморандумға қол қою рәсімінде айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Алматы қаласының республиканың өзге өңірлерінен басты айырмашылығы негізгі қалақұраушы секторлар ? қаржы, құрылыс салалары мен шағын және орта бизнес. Бұл салаларда қазір әлемдік экономикадағы ахуалға байланысты біршама қиындықтапр туындап отыр. Мәселен банктердің экономиканы қаржыландыруы өткен жылы 30 пайызға дейін төмендеді. Сол себепті де біздің бүгінгі басқосуымызға 20-ға жуық ірі құрылыс ұйымдарының жетекшілері қатысуда. Жалпы құрылыс саласының қазіргі таңда әлеуметтік сипаты басым. Ондағы құлдырауды тек бірлескен іс-шаралар арқылы ғана тоқтатып, қандай да бір қозғалыс жасауға болады», ? дейді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов. 2007 жылы басталған әлемдік қаржы дағдарысынан кейін тұрғын үй бағасының күрт құлдырауына байланысты құрылыс саласы да тығырыққа тірелген болатын. Оған үлескер және несиеші ретінде қатысқан тұрғындар мердігерлер тұрғын үй құрылысын өз мерзімінде аяқтай алмауына байланысты құрлыс компанияларынан өз қаржысын қайтаруды талап етті. «Сондықтан үкімет арнайы шешім қабылдап, құрылыс секторына 3 миллиард доллар бөліп отыр. Оны құрылыс компаниялары банктер арқылы алып, құрылысты одан әрі жалғастырады. Сондай-ақ халық банктерден ипотекалық несие алуға мүмкіндік жасалады», дейді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов. Оның айтуынша, қазір қор тығырықтан шығу үшін құрылыс саласын қолдаудың бірнеше нұсқасын әзірлеп шыққан. Үкіметтің экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыруға арналған дағдарысқа қарсы жоспары бойынша қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» қоры нақты іс-шараларды жүзеге асыруда.