— Фестиваль биыл 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында елордада Astana AI Week — жасанды интеллект апталығы аясында өтеді. Бұл AAIFF-ті елдегі ірі технологиялық іс-шаралармен байланыстырып, фестивальдің халықаралық мәртебесін күшейтеді, — деді ол жобаны таныстыруға арналған баспасөз конференциясында.
Алмас Жәлидің айтуынша, байқау бағдарламасы екі секциядан тұрады: «The future worth living in» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») тақырыбына арналған негізгі секция және үздік режиссура, визуалды тіл, оқиға, концепция және кейіпкер номинациялары бойынша ашық секция.
Басты талап — фильм full AI технологиялары арқылы жасалуы тиіс. Демек, жасанды интеллект қосымша құрал ретінде емес, туындыны жасаудың негізгі инструменті ретінде қолданылуы шарт.
Байқауға қатысу тегін және жас ерекшелігіне немесе кәсіби тәжірибесіне қарамастан барша ниет білдірушіге ашық. Үміткерлер ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм әзірлеп, оны жобаның сипаттамасымен бірге aaiff.ai фестиваль платформасына жүктеуі қажет.
Іріктеу қорытындысы бойынша AAIFF командасы мен халықаралық сарапшылар негізгі секциядан 10 және ашық секциядан 15 жұмысты таңдап алады.
Финалистерді киноиндустрия, AI-қоғамдастық және creative tech саласының өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалайды.
Өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 тамызға дейін жалғасады. Байқау финалистері қыркүйек айында жарияланып, көрсетілімдер мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Astana AI Week аясында Астана қаласында өтеді.
Ал фестивальдің жалпы жүлде қоры — 1 миллион АҚШ доллары.
Сондай-ақ, фильмдер ағылшынша болғаны жөн. Ал шетелдік қатысушылар португал, қытай т.б. тілдердегі өнімдерін ұсынса, онда ағылшынша субтитр қосу талап етіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда AI-стартаптар мен зерттеулерді қолдаудың жаңа бағдарламалары іске қосылатынын жазғанбыз.