AI-киноның ортақ үлгісі әзірге жоқ — Айзатулла Хуссейн

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемде AI-кино енді дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Сондықтан оның нақты үлгісі әлі қалыптасқан жоқ. Авторлар түрлі жанр мен форматта тәжірибе жасап жүр. Бұл туралы Astana AI Film Festival (AAIFF) негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Оның айтуынша, түрлі елден түскен мыңдаған жұмысты саралау AI-киноның нақты бір үлгісі әлі қалыптаспағанын көрсеткен. Кей авторлар жасанды интеллект көмегімен дәстүрлі киноның үлгісін қайталауға тырысады. Енді бірі үйреншікті киноға ұқсамайтын жобалар жасап жүр.

— AI-киноның бағыты мен үлгісі әлі қалыптасып келеді. Бұрын белгілі бір бағыт бірнеше ай бойы сақталатын. Қазір бәрі күн сайын дерлік өзгеріп жатыр, — деді Айзатулла Хуссейн.

Ол әр елден түскен жұмыстардың ерекшелігіне де тоқталды. Мәселен, Оңтүстік Кореядан ұсынылған жобалардың арасында нуар мен хоррорға жақын туындылар көп. Кеңсе өмірін көрсететін сюжеттер де жиі кездеседі.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform12:25

Қытайлық авторлар анимацияға жиі жүгінеді. Олардың туындыларынан өзіндік көркемдік мәнер байқалады.

Қазақстандық авторлардың жұмыстарында ұлттық нақыш пен болашақ бейнесі қатар көрініс табады. Фантастикалық сюжеттерде киіз үй, дала мен роботтар кездеседі.

Айзатулла Хуссейннің айтуынша, қазір көңіл көтеруге арналған қарапайым AI-контент пен толыққанды AI-киноның аражігін ажырату қиын.

— Біреулер дәстүрлі киноны қайталауға тырысады. Енді біреулер тәжірибе жасап, киноға мүлде ұқсамайтын дүние ұсынады. Бірақ сонысымен қызық, — деді ол.

Айзатулла Хуссейн фестиваль AI-киноның одан әрі дамуына ықпал етіп, жасанды интеллект қолданылатын кино мен ойын-сауықтың жаңа түрін қалыптастыруға сеп болады деп есептейді.

— Фестиваліміз жаңа бір үлгі мен атаудың қалыптасуына көмектеседі деп үміттенемін, — деді Айзатулла Хуссейн.

Бұған дейін Алмас Жали алдағы екі-үш жылда AI фильмдерді дәстүрлі кинодан ажырату қиын болатынын айтқан еді