AI-Sana: студенттер жасанды интеллект саласындағы 515-тен астам шешім әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM - AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында AI-Sana бағдарламасы жобаларының көрмесі өтті. Онда Қазақстанның 20 жоғары оқу орны студенттері әзірлеген жасанды интеллект саласындағы үздік жобалар таныстырылды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Ғылым және эоғары білім министрлігі

Іс-шараның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, AI-Sana бағдарламасының маңызын атап өтті.

Министр AI-Sana бағдарламасының Мемлекет басшысы қойған Қазақстанды цифрлық елге айналдыру және технологияны тұтынушы ғана емес, оны жасай алатын жаңа буын қалыптастыру міндетін іске асырудағы рөліне тоқталды.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

-Біз үшін ең маңыздысы – жастардың жасанды интеллект саласындағы білімін нақты дағдыға айналдыру. Бағдарлама аясында студенттер технологияны дайын күйінде пайдаланумен шектелмей, оның мүмкіндіктерін терең түсініп, практикалық міндеттерді шешуге және өз жобаларын әзірлеуге үйренеді. Бұл – елдің адами және зияткерлік капиталына салынған ұзақ мерзімді инвестиция, – деді Саясат Нұрбек.

Бүгінде AI-Sana бағдарламасына 106 жоғары оқу орны қатысады. Оның алғашқы кезеңінде студенттер жасанды интеллект негіздері бойынша 700 мыңнан астам сертификат алса, екінші кезеңде 100 мыңнан астам студент AI-кәсіпкерлік бағытында білім алып жатыр. Бағдарлама аясында 515-тен астам жасанды интеллект шешімі әзірленіп, 22 мыңнан астам технологиялық жоспар жасалды. Жобаларды 1,5 мыңнан астам куратор сүйемелдейді.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Көрмеде осы бағдарлама аясында әзірленген үздік жобалар ұсынылды. Олардың қатарында құрылыс саласына арналған Prime360.AI аналитикалық платформасы, Unitree G1 гуманоидты роботын бағдарламалауға арналған Future Lab платформасы мен жасанды интеллект симуляторы, Орталық Азиядағы экологиялық мониторингке бағытталған AgroMindKZ платформасы және Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен ұлттық мұрасын заманауи ойын технологиялары арқылы таныстыратын SARDAR жобасы және тағы басқа осы сынды үздік әзірлемелер болды.

Іс-шараға сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Пол Ким, Alpha Intelligence Capital серіктесі әрі Mariton Partners компаниясының негізін қалаушы серіктесі Ни Ли, сондай-ақ Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев қатысты. Олар жасанды интеллектіні дамыту, технологиялық жобаларды ілгерілету және инвестиция тарту бағыттары бойынша пікір алмасты.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Сонымен қатар форум аясында Alpha Intelligence Capital мен Astana IT University және QazInnovations пен Platonus арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар жасанды интеллект саласындағы жобаларды дамытуға, білім беру мен технологиялық кәсіпкерлікті ұштастыруға және перспективалы әзірлемелерді қолдауға бағытталған.

AI-Sana көрмесі студенттердің жасанды интеллект саласындағы білімін нақты жобаларға айналдырып, жаңа технологиялық шешімдерді дамытуға бағытталған мүмкіндіктерді көрсетті.

Президент Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатына қатысты.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі