АСТАНА. KAZINFORM — Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Аида Әбікеева (63 келі) финалға жолдама алды.
Қазақстандық боксшы жартылай финалда реесйлік Елена Бабичевамен шеберлік байқасты. Алғашқы екі раунд Аиданың басымдығымен аяқталды.
Шешуші раундта да ол қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Қарсыласына дәл соққы жасап, жеңіске деген жігерін көрсетті.
Нәтижесінде төрешілер оны жеңімпаз ретінде таныды.
Қазірге дейін ел құрамасынан Виктория Графеева (60 келі), Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (50 келі) финалға жолдама алды.
Енді ел құрамасынан Наталья Богданова (70 келі) және Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
Ширек финалда Жайна Шекербекова (54 келі), Жасмин Қизатова (66 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Надежда Рябец (75 келі) жарысты аяқтады.
Сондай-ақ оған дейін Анита Адишева (52 келі), Гүлсая Ержан (81 келі) қарсыластарына есе жіберді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.