«Ерекше тоқталатын дүние ол – Елбасының күні кеше Ассамблея отырысында ерекше көтерген ұлттың тілі. «Тіл тағдыры – ел тағдыры». Ендеше, ұлттың дүниетанымын оның өзіне тән ерекшелігімен дұрыс насихаттау – ең алдымен сол ұлттың төл тілінде жүргізілуі қажет. Соның ішінде ертеңгі қоғамның қозғаушы күші – бүгінгі жас ұрпақты мемлекеттік тілге үйрету – басты мақсат санаймыз. Терең түсінікпен қарасақ бұл – бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтайтын бірден-бір басты талап», - деп тоқталды министр Сенатта «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында.
Сонымен қатар А. Балаева балаларға тіл үйрету шараларына тоқталды.
«Балалардың тілін қалыптастыратын құрал – әрине бірінші кезекте – телеарналардағы мультипликациялық фильмдер мен балалар әдебиеті. Бұл тұрғыда, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Nickelodeon», Disney, TiJi телеарналарының өнімдері мен балалар әдебиетінің әлемдік шығармаларын қазақ тіліне аудару бастамасын көтеріп отыр. Егер Үкімет тарапынан тиісті қаржылық қолдау тапқан жағдайда, бұл – болашақ үшін қайтарымы мол, нәтижесі зор жоба болады деп сенеміз», - деді ведомство басшысы.