«Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалына қабылдауға келген 106 тұрғынның жартысына жуығы баспана мәселесімен келген. Көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүгедек баласы бар әскерилердің жеңілдікпен баспана алу туралы өтінімдері, ипотекалық және арендалдық мәселелер қаралған.
Одан бөлек, тұрғындар инфрақұрылымдық мәселелердің де өзекті болып отырғанын жеткізді. Мәселен, республикалық маңызы бар Алматы-Қапшағай жолына ақы төлеуден қашқан жүргізушілер облыстық жолдарға шығып, кептелісті көбейткен. Көлік ағынын азайту үшін тұрғындар қосымша көпір салуды өтінді.
Алакөл ауданы Тоқжайлау кентінің тұрғыны Қабанбай-Көктұма жолының 44-96 шақырым аралығында жөнді жолдың жоқтығын айтты. Салдарынан туристер азайып, өңірдегі шағын және орта бизнес табыс көзінен айырылып отыр.
Сонымен бірге, Аида Балаева Талғар қаласының білім беру мекемелеріне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Талғар тұрғынының айтуынша, үш жыл бұрын берілуі тиіс боған 1200 орындық мектеп әлі күнге дейін салынып бітпеген.
Көксу ауылының тұрғындары апатты жағдайда тұрған су қоймасын жөндеуге көмек көрсетуді сұрады. Одан ауыл тұрғындарына ғана емес, 1900 гектар егінді алқапқа да қауіп төніп тұр.
Осы және өзге де мәселелер бойынша Аида Балаева Алматы облысының әкімдігіне тапсырмалар берді. Олардың орындалуын ҚР Президенті Әкімшілігі қатаң бақылауға алды.
Республикалық маңызы бар мәселелер Аида Балаеваның төрағалығымен және орталық меморган өкілдерінің қатысуымен арнайы отырыста қаралатын болады.