Аида Балаева: Бюджеттік ақпараттарға қоғамның қолжетімділігін арттыру қажет
«Толықтай алғанда, 2019 жылға арналған бюджет ашықтығы жөніндегі халықаралық шолу сараптамасын қарайтын болсақ, онда бұл мәліметтер қоғамның бюджеттік ақпаратқа қолжетімділігін арттыру қажеттігіне дәлел бола алады. 100 балл деп алсақ, бүгінде Қазақстан 58 балл жинап отыр», - деді министр Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында.
Оның атап өтуінше, бюджет қалыптастыруға қоғамның қатысу үлесі де төмен деңгейде қалып отыр.
«Қоғамның бюджетті қалыптастыруға қатысуын алып қарайтын болсақ, 100 балдан небәрі 17 балл ғана алады. Сондықтан бұл жұмысты жетілдіру қажет», - деді Аида Балаева.
Айта кетейік, онлайн форматта өткен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың ақпаратқа қол жеткізу мәселелері, мемлекеттік органдардың ашықтық деңгейін жыл сайынғы бағалаудың негізгі қорытындылары, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасының жұмысы, сондай-ақ «Ашық бюджеттер» порталын жетілдіру бойынша жұмыс жоспарының орындалуы талқыланды.