Аида Балаева медициналық қызмет сапасын жүйелі бақылауды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Аида Балаеваның төрағалығымен медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері жөнінде кеңес өтті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Үкімет

Кеңестің басында Аида Балаева Мемлекет басшысының ерекше назар аударуының арқасында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қомақты қаражат бөлініп, медициналық инфрақұрылым мен құрал-жабдықтар кезең-кезеңімен жаңартылып жатқанын атап өтті. Соған қарамастан, көрсетілетін қызметтің сапасы әлі де басты мәселе күйінде қалып отыр. Өңірлерде жүйелі шешімді әрі қоғамдық бақылауды күшейтуді қажет ететін түйткілдер бар.

Азаматтардың өтініштерін саралау негізгі мәселелердің дәрігер қабылдауы мен диагностикалық тексеруді күту мерзіміне, бейінді мамандарға қолжетімділікке, пациенттерді тиісті мамандарға бағыттауға, дәрі-дәрмекпен қамтуға және жекелеген денсаулық сақтау нысандарының жай-күйіне қатысты екенін көрсетті.

Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ақмарал Әлназарова ведомство медициналық-санитариялық алғашқы көмекті ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтты. Бұл бағытта пациенттерді қабылдау мүмкіндігін кеңейту, мейіргер ісін дамыту, цифрландыру, инфрақұрылымды жаңғырту және медициналық көмектің сапасын бақылауды күшейту шаралары қолға алынған.

Соңғы екі жылда учаскелік дәрігерлердің қабылдау уақыты төрт сағаттан алты сағатқа дейін ұзартылды. Соның нәтижесінде дәрігер қабылдауын күту мерзімі жеті күннен бір-үш күнге дейін қысқарды.

Көптеген қызмет цифрлық жүйеге көшірілді. Уақытша еңбекке жарамсыздық парақтары, рецепттер және медициналық анықтамалардың 13 түрі электрондық түрде рәсімделеді. Бұл қағаз құжат айналымы мен пациенттердің қайта жүгіну санын азайтып, дәрігерлерге түсетін әкімшілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді.

МСАК деңгейінде шұғыл көмек көрсету үшін соңғы екі жылда 684 шұғыл медициналық көмек кабинеті ашылып, төртінші санаттағы шақыртуларға қызмет көрсететін 988 мобильді бригада құрылды.

Аида Балаеваның тапсырмасымен МСАК ұйымдарындағы педиатриялық бөлімшелердің жұмысы күшейтіліп, балалар денсаулығындағы патологияларды ерте анықтауға арналған 450-ге жуық даму және ерте араласу кабинеті ашылды.

Дәрі-дәрмекпен қамту үдерісі де цифрландырылып жатыр. «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы 9,6 млн электрондық рецепт рәсімделді. Бұл — барлық рецепттің 86%-ы. Сатып алуды жоспарлау оңтайландырылып, 2027 жылға арналған сатып алу рәсімдері бұрынғы жылдармен салыстырғанда төрт айдан астам уақыт ерте басталды. Тиісті тапсырманы бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары берген болатын. Соның нәтижесінде бүгінде медициналық ұйымдардың дәрі-дәрмекпен қамтылу деңгейі 91%-ға жетті.

Сонымен қатар МСАК жұмысының тиімділігін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі — пациенттердің пікірі. 2026 жылдың алғашқы жартысында МСАК ұйымдарына азаматтар 62 млн рет жүгінген, 2 925 шағым түскен. Шағымдардың басым бөлігі бейінді мамандарға қолжетімділікке, қабылдауға жазылу мен пациенттерді тиісті мамандарға бағыттауға, медициналық әдептің сақталуына, диспансерлік бақылаудың уақтылы жүргізілуіне және дәрі-дәрмекпен қамтуға қатысты болды.

Шағым санының ең жоғары өсімі Маңғыстау облысында тіркеліп, 4,3 есе артқан. Шығыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш — 2,6 есе, Қарағанды облысында — 2,3 есе, Ақмола облысында — 2,1 есе, ал Астанада екі есе өскен.

Кеңесте МСАК қызметкерлерін ынталандыру жүйесін жетілдіру мәселесі де жеке қаралды. Жан басына шаққандағы нормативтің ынталандыру бөлігін автоматтандыру төлемдерді бөлудегі субъективтілікті азайтып, қаржылай көтермелеуді жұмыстың нақты нәтижесіне қарай тағайындауға мүмкіндік берді. Ынталандыру төлемінің орташа мөлшері 600 мың теңге болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 15%-ға көп. Биыл белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізген мыңнан астам учаскеге 1 млн теңгеден жоғары төлем берілді.

Бұған қоса, Премьер-министр орынбасарының міндетін атқарушының тапсырмасына сәйкес, МСАК қызметкерлеріне үздіксіз еңбек өтілі үшін ынталандыру төлемдері енгізіліп жатыр. Бұл профилактикалық бағдарламалардың сапасын арттыруға оң ықпал етуге тиіс.

Кеңес қорытындысы бойынша өңірлерде тәжірибелі дәрігерлердің, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен арнайы штабтар құру тапсырылды. Олар мемлекеттік және жекеменшік емханалар мен стационарлардың жұмысын жан-жақты зерделеп, шағымдардың түсу себептерін анықтауға, сондай-ақ қызмет көрсету сапасы ұдайы төмен медициналық ұйымдар бойынша нақты ұсыныстар енгізуге тиіс.

Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарындағы, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларындағы жағдайға ерекше назар аудару тапсырылды. Аталған өңірлердің әрқайсысы бойынша төмен көрсеткіштердің себептеріне жеке талдау жасалуы қажет.

Сонымен бірге МСАК қызметін бағалау жүйесін Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген индикаторлармен толықтыру, үздік медициналық ұйымдарды ынталандыру тетіктерін жетілдіру және үш жыл қатарынан төмен нәтиже көрсетіп келе жатқан емханаларды қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау тапсырылды.

Пациенттердің бағалауына арналған жаңартылған индикаторларды ескере отырып, медициналық қызметтерге ақы төлеуді реттейтін нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу міндеті қойылды. Пациенттерді дер кезінде ауруханаға жатқызу мен шұғыл операциялардың уақытылы жасалуын қамтамасыз ету үшін квота бөлу тетіктерін жетілдіруге де ерекше назар аударылмақ. Қабылданған шаралар жағдайды жақсартуға ықпал етпеген медициналық ұйымдардың басшыларына қатысты тиісті басқарушылық және кадрлық шешімдер қабылдау тапсырылды.

Кеңесті қорытындылаған Аида Балаева медициналық қызмет сапасы жергілікті атқарушы органдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің ұдайы әрі жүйелі бақылауында болуға тиіс екенін ерекше атап өтті. 

Айта кетелік МӘМС жүйесінде қаржылық бақылаудың жаңа моделі енгізілген еді