Аида Балаева журналистерді кәсіби әдеп нормаларын сақтауға үндеді

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистерді кәсіби әдеп нормаларын сақтауға шақырды.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Министр бұл туралы Facebook парақшасында жазды.

Ол кейінгі күндері Құрылтайдың бірқатар депутаттарына қатысты, оның ішінде тұрғын үй мәселесіне байланысты түрлі алыпқашпа әңгімелер мен орынсыз пікірлер айтылып, оның соңы буллингке ұласып бара жатқанын атап өтті.

— Түсінбеушілікке жол бермеу үшін мемлекеттік органдардың өкілдері мен Құрылтай депутаттары БАҚ өкілдерін қызықтырған мәселелер бойынша мүмкіндігінше қажетті түсініктеме беруге тиіс, — деп жазды Аида Балаева.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешіп келеді.

Министр журналистерге баспана беру тәртібіне де тоқталды. Алғашқы жылдары журналистерге пәтерлер редакциялар ұсынған тізімдер бойынша берілген. Кейінгі жылдардан бастап тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес, баспана меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне ғана беріліп келе жатқанын түсіндірді.

— Сонымен қатар кәсіби журналист жұмысының басты өлшемдерінің бірі — журналистік әдепті сақтау. Қудалау, жеке басқа тиісу, айла-шарғы жасау, елең еткізер тақырып үшін әдейі арандату кәсіби журналистке жараспайды, — деді министр.

Аида Балаева «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 4-тармағына сәйкес кәсіби әдеп нормаларын сақтау журналистің міндеті екенін еске салды.

— Мұндай талап әлемнің барлық еліндегі журналистерге қойылады. Сыйластық сапалы журналистиканың дамуына әрдайым ықпал етеді, — деп атап өтті ол.

Айта кетейік, бұған дейін, Аида Балаева Құрылтай қарсаңында журналистер мен блогерлердің құқықтарын түсіндірген еді.