Аида Балаеваның атынан төлемдер тағайындау туралы тараған ақпарат - фейк

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның суретімен жалған жарнама тарады. Мәтінде Мемлекет басшысы қазақстандықтарға төлемдер тағайындауды тапсырғаны айтылған. Бұл ақпараттың фейк екенін stopfake.kz сайты жазды. 

Фото: stopfake.kz.

«Жалған жарнаманы таратушылар күмәнді сілтеме бойынша өтуді ұсынады. Қандай сома тағайындалғанын білу үшін адам жеке тұлғаның бірегей нөмірін (ЖСН) енгізуге тиіс. Белгісіз сайттарда жеке деректерді қалдырмаған жөн. Алаяқтар оларды жеке мақсатта пайдаланады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сайтында төлемдер туралы ақпарат болмаған және жоқ» — делінген хабарламада.

Фото: stopfake.kz

Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі де барлық жаңалықтарды ресми порталда жариялайды. Онда да төлемдер туралы ақпарат болған жоқ.

«Мұндай хабарламаға сенбеген жөн. Бұл алаяқтардың ісі. Бұған дейін Желіде ҚР Қаржы министрлігі мен Ұлттық қордың атынан төленетін төлемдер туралы осындай фейк ақпараттар тараған болатын» — деп жазды stopfake.kz. сайты.