AIG сақтандыру компаниясының топ-менеджерлері алған сыйақыларын қайтаруда

ВАШИНГТОН. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Американдық AIG сақтандыру компаниясының қызметкерлері өткен жылы алған сыйақыларын қайтара бастады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Компания басшысы Эдвард Лидди АҚШ Конгресінде осындай мәлімдеме жасады. Наурыздың 16-сында AIG компаниясы мемлекеттен алған 173,3 миллиард доллар көлеміндегі көмектің жұмсалуы туралы мәліметтерді жария етті. Аталған соманың 165 миллионы 2008 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша компания менеджерлеріне бонустар ретінде берілген болып шықты. Сыйақы алғандардың қатарында, тәуекелді қаржылық операциясы арқылы AIG компаниясын банкроттыққа жеткізуге итермелеген қызметкерлер де болған. Бұл факті жұртшылықтың арасында резонанс туғызып, ел президенті Барак Обаманы іске араласуға мәжбүр етіп отыр. Обама қалыптасып отырған жағдайды «салық төлеушілерді жәбірлеу» деп атады. Осы жанжалдан кейін Эдвард Лидди менеджерлерге бонус ретінде алған қаржының, ең аз дегенде, тең жартысын қайтаруға кеңес берді. Ассошиэйтед Пресс агенттігінің хабарлауынша, кейбір қызметкерлер алған бонустарын толықтай қайтарып та отыр. АҚШ Үкіметі 2008 жылдың қыркүйек айынан бері AIG компаниясы акцияларының 479,9 пайызына иелік етеді.