Air Astana IPO арқылы алдымен 120 млн долларлық акциясын орналастырмақ

Фото: Фото: Air Astana

АСТАНА. KAZINFORM – «Air Astana» әуе компаниясы IPO-ға шығуды растады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан мәлім етті.

«Өткен жұмада «Air Astana» әуе компаниясы IPO-ға шығу ниетін растады. IPO арқылы әуе компаниясы 120 млн долларға алғашқы акциясын орналастыруды жоспарлап отыр. Одан түскен қаржы «Air Astana»-ны дамыту бағытына жұмсалады», - деді Салтанат Сәтжан «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңес отырысында.

Спикердің мәлімдеуінше, әуе компанияны IPO-ға шығару байқауы ашық әрі листингтік реттеуші ережелерге сай өтті. Барлық инвесторларға құқық теңдей берілді және ақпарат ашық жарияланды.

«Одан бөлек, «Самұрық – Қазына» және «БайСистемс» өз акцияларын сатуды жоспарлап отыр. Мәміленің нақты құрылымы тиісті бағалаудан кейін анықталады», - дейді ол.

Бұған дейін Qazaq Air әуе компаниясының қайта сатылымға шығарылғанын хабарлаған едік. Бүгінде компанияның 38 млрд теңге қарызы бар.