Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Дастан Малиевтің айтуынша, Air Astana компаниясының Ақтөбе – Алматы бағытындағы KC866 рейсі тоқтатылғаннан кейін жолаушыларға қызмет көрсету ұсынысы ғана түсті.
– 16 тамыз күні Air Astana компаниясының ұшағын сүйреу кезінде шассидің тұмсық тірегіндегі бекітпе зақымданды. Дегенмен Air Astana компаниясынан әуежайға шағым түспеді. Компания тек жолаушыларға қызмет көрсету өтінішін айтты. Ұшақ әлі әуежайда тұр, - деді Дастан Малиев.
Еске салсақ, Air Astana әуе компаниясы Ақтөбеден Алматыға шыққан ұшақтың кешігуіне қатысты түсініктеме берді. Онда жолаушылардың билет құнын айыппұлсыз қайтару ұсынылғаны хабарланды. Ұшақты жөндеу үшін жолаушыларды қалдырып, Астанаға жеткізу туралы шешім қабылданған.