Алматы - Астана: Air Astana ұшақтың әуежайға қайта қонуына қатысты түсініктеме берді
10:12, 17 Желтоқсан 2025
АСТАНА. KAZINFORM – 17 желтоқсанда Алматы – Астана бағыты бойынша KC 851 рейсін орындаған Air Astana әуе компаниясының ұшағы борттағы кондициялау жүйесінен иістің пайда болуына байланысты экипаждың шешімімен ұшу әуежайына қайтып оралды.
Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кемесінің командирі Алматы қаласына кері қону туралы шешім қабылдады. Қону жергілікті уақыт бойынша 07:40-та штаттық режимде жүзеге асырылды.
Әуе компаниясының мәліметінше, рейс жолаушыларына ыстық және салқын сусындар, сондай-ақ тіскебасарлар ұсынылды. Жолаушылар Астана қаласына басқа әуе кемесімен сағат 10:15-те жөнелтіледі.
- Аталған оқиғаға байланысты әуе кемесіне қатысты белгіленген тәртіпке сай техникалық тексеру жүргізіледі, - деп жазды Air Astana-дан.