Air Astana ұсынған билеттер құны Bek Air компаниясынікінен қымбат болмайды – ҚР ИИДМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Air Astana компаниясы ұсынатын бағалар Bek Air компаниясы алғаш ұсынған билеттердің бағасынан қымбат болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Bek Air компаниясының 7 қаңтарға дейін тыйым салынған рейстеріне билет алған жолаушылар үшін Air Astana компаниясы орын болған жағдайда Bek Air компаниясынікінен қымбат емес баға ұсынатын болады»,-делінген хабарламада.

Air Astana Нұр-Сұлтаннан Алматы қаласына қатынайтын және 27-29 желтоқсан аралығында кері қатынайтын қосымша 5 рейс қосты.

Air Astana әуе компаниясы Bek Air жолаушыларын қажетті жеріне уақытында жеткізу мақсатында ішкі рейстерді қосу жұмыстарын жалғастыруда.