Air India ұшағының апатына қатысты қара жәшіктегі деректер сәтті алынды
НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM — 12 маусым күні апатқа ұшыраған Air India әуе компаниясының ұшағының қара жәшіктерінен мәліметтер сәтті түрде алынды. Бұл туралы Үндістанның Азаматтық авиация министрлігіне сілтеме жасап New Indian Express басылымы хабарлады, деп жазды Анадолы.
Министрліктің мәліметінше, тергеу тобы қара жәшіктерден «жад модуліне» сәтті түрде қол жеткізіп, ақпаратты қауіпсіз түрде оқып шыққан. Қазіргі таңда талдау жалғасып жатыр. Ол апатқа себеп болған оқиғалар тізбегін қалпына келтіруге, оған әсер еткен факторларды анықтауға және авиациялық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Еске сала кетейік, апаттан кейін бірнеше күн ішінде қара жәшіктер табылған болатын.
AI171 рейсімен ұшқан жолаушылар ұшағы Ахмадабадтағы Сардар Валлабхай Пател атындағы халықаралық әуежайынан Лондондағы Гатвик әуежайына бағыт алған. Алайда ұшып шыққаннан көп ұзамай, Мегани-Нагар тұрғын ауданына құлап, апатқа ұшырады.
Апат салдарынан ұшақ бортындағы 229 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі, сондай-ақ жерде болған 29 адам қаза тапты.
Ұшақ апатынан мер болғандардың нақты саны ДНҚ сараптамасынан кейін жарияланатыны айтылған еді.