AirAstana компаниясының атынан сауалнамаға қатысқандар 100 мың теңге алады деген ақпарат -жалған
AirAstana-ның ресми сайтында мұндай ұтыс ойыны туралы жазылмаған. Сондай-ақ бұл туралы компанияның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында да айтылмаған. , деп хабарлайды ҚазАқпарат stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар, әуе тасымалдаушының Instagram-дағы парақшасында: «Air Astana әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында немесе airastana.com сайтында ғана ұтыс ойындарын, конкурстар мен акциялар өткізеді. Сіздерден сақ болып, алаяқтардың әрекеттерінен аулақ болуға шақырамыз», деп жазылған.
Демек, пайдаланушыларға ұсынылып отырған сауалнама әуе компаниясының ресми порталында немесе оның әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланбағандықтан, оны шынайы деп санауға болмайды. Яғни, бұл сауалнама алаяқтардың ісі.
Интернет-алаяқтықтың бұл түрі фишинг деп аталады. Оның көмегімен қаскүнемдер пайдаланушылардың дербес ақпаратын, банк карталарының деректерін, жеке және ақылы аккаунттардың логиндері мен парольдерін иемденеді.