Airbus A320 ұшағы апатынан қаза тапқан 3 қазақстандық - бір жанұяның адамдары - ҚР СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 24 наурызда Францияның оңтүстігінде Airbus A320 ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза болған қазақстандықтардың мәйітін елге жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР СІМ баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов мәлім етті.

«Апатты болған ұшақтың бортында үш қазақстандық азаматтың болғаны айқындалып отыр. Атап айтқанда, қаза болғандардың арасында Ербол Иманқұлов (1965 жылы дүниеге келген), Айжан Исенғалиева (1966 жылы дүниеге келген) және Әділ Иманқұлов (1989 жылы дүниеге келген) есімді еліміздің азаматтары болғаны расталды. Үшеуі де бір отбасының адамдары. Сонымен қатар Германия билік өкілдерінің хабарлауынша, сол бортта тағы да бір қазақстандық Елена Блес есімді азаматша болуы мүмкін. Қазіргі кезде оның Қазақстанның азаматы немесе азаматы емес екендігі тиісті мемлекеттік органдар тарапынан тексеріліп жатыр», - деді баспасөз хатшысы.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі сәтте еліміздің Германиядағы және Франциядағы елшіліктері осы мемлекеттердің билік өкілдерімен байланысып, қаза болған азаматтардың мәйіттерін айқындау мен оларды елге жеткізу мәселесін пысықтауда.

Сонымен қатар Н. Айтмаханов қаза болғандар ШҚО тумасы екенін атап өтті. Әзірге олардың Еуропаға қандай мақсатпен барғандығы белгісіз.