«Бүгін Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форум аясында елімізге инвестиция құюға талпыныс білдіріп отырған бірқатар ірі шетелдік инвесторлармен кездесу өткіздім. Атап айтсақ, мұнай мен агрохимия саласындағы өндіріске немістің "Evonik" химиялық трансұлттық компаниясы қызығушылық танытса, ағылшын-американ-израильдік Airspan корпорациясы елімізде телекоммуникациялық жабдықтарды шығаратын өндіріс ошағын құруға ниет білдіріп отыр. Ал тау-кен кешенінен бастап жоғары технологияларға дейінгі түрлі салаларда жұмыс істеп жүрген үндістандық SUN Group холдингі геология мен жер қойнауын игеру саласына инвестиция құймақ, теміржолға қажетті техника шығаратын ірі қытайлық корпорация да ҚТЖ-мен келіссөздер жүргізіп, өндіріс орнын құруды ұсынды. Сондай-ақ, Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшылығымен кездесіп, елімізде жүзеге асырып жатқан бірнеше жобаларын талқыладық», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форум барысында Қазақстанның көлік хабы мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыратындығын хабарлаған едік .