Aitu экожүйесін ай сайын қанша адам пайдаланады
АСТАНА. KAZINFORM – Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Aitu мессенджерін енгізу жұмыстарын қатаң сынға алған еді.
Соңғы алты айдағы деректер бойынша экожүйе сервистерін күнделікті 190 мыңға дейін адам пайдаланады.
– Биыл қаңтарда Aitu арқылы 2 млн-нан астам мәтіндік хабарламалар жіберілген, 180 мыңнан астам медиа-файл (фото және видео) алмасылған, хабарламаларға шамамен 150 мың реакция қойылған, 24 мыңнан астам дауыстық қоңырау жасалған, 21 мың дауыстық хабарлама жіберілген және 6 500-ден астам чат топтары құрылған, – деді BTS Digital компаниясының ресми өкілі Kazinform тілшісінің сауалына.
Сонымен қатар аталған компания платформадағы каналдардың саны да артып келеді: Қазақстан тақырыбына, жаңалықтарға, қоғамдық өмір мен спортқа арналған каналдар белсенді түрде іске қосылып, бүгінгі таңда олардың жалпы саны 42 000-нан асты деп атап өтті.
Еске сала кетейік, Қазақстандық цифрлық нарықтағы мессенджерлер бәсекесі дәстүрлі шетелдік көшбасшылардың ықпалымен ғана емес, сонымен бірге жергілікті IT өнімдердің дамуы арқылы да ерекшеленіп жатыр. Солардың бірі – AITU мессенджері. Жоба Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайтуға және ішкі нарықта жаңа экожүйе қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.