АИТВ жұқтырған әйел дүниеге дені сау бала әкеле ала ма — маман жауабы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бес жылда адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясының анадан балаға берілу жағдайы тіркелген жоқ.

Фото: ДСМ

АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі СҚО орталықтың инфекционист дәрігері Диана Нүрпейісованың айтуынша, 2026 жылдың басынан бері АИТВ-мен өмір сүретін әйелдерден өңірде 10 сәби дүниеге келген. 

Бүгінде заманауи медицина қауіпті вирустың анадан балаға берілуін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Ол үшін әйелдің жүктілікті жоспарлау кезеңінен бастап дәрігердің бақылауында болып, антиретровирустық терапияны (АРТ) дұрыс қабылдауы және мамандардың барлық ұсыныстарын орындауы маңызды.

АИТВ анадан балаға қалай берілуі мүмкін?

Маманның айтуынша, АИТВ инфекциясы анадан балаға негізінен үш жолмен берілуі мүмкін: жүктілік кезінде, босану барысында және емшек сүті арқылы. Алайда бұл қауіптің алдын алуға болады. Ең маңызды шаралардың бірі — антиретровирустық терапияны уақтылы бастау және оны дәрігер тағайындаған схема бойынша тұрақты қабылдау. АРТ вирустық жүктемені төмендетіп, ана мен баланың АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Дені сау бала туу үшін не істеу керек?

Кейбір әйелдер АИТВ инфекциясы жүктілікке кері әсер етеді немесе аурудың дамуын жылдамдатады деп алаңдауы мүмкін. Дәрігердің айтуынша, бұл вируспен өмір сүретін әйелдерде жүктілік міндетті түрде ауыр өтеді деген түсінік дұрыс емес. 

— Ең бастысы — жүктілікті алдын ала жоспарлау, маманның бақылауында болу және тағайындалған терапияны үзбей қабылдау қажет. Заманауи антиретровирустық препараттардың көпшілігінің жүктілік кезіндегі қауіпсіздігі зерттеулер арқылы дәлелденген. Дегенмен барлық дәрі жүкті әйелдерге бірдей жарамайды. Сондықтан емдеу схемасын әйелдің денсаулық жағдайын, жүктіліктің ерекшеліктерін және басқа да факторларды ескере отырып, дәрігер жеке таңдайды. Терапияның ықтимал жанама әсерлерінен қорқып, емдеуден бас тарту дұрыс шешім емес. Себебі тиімді АРТ анадағы вирустық жүктемені төмендетіп, АИТВ-ның балаға берілуінің алдын алуда маңызды рөл атқарады, — дейді Диана Нүрпейісова.

Бақылау үнемі жалғасады

Маманның айтуынша, АИТВ-мен өмір сүретін анадан туған бала да медициналық бақылауда болады. Нәрестеге дәрігердің тағайындауы бойынша белгілі бір кезең ішінде антиретровирустық профилактика жүргізіледі. Сонымен қатар бала денсаулығын бақылау үшін қажетті зертханалық тексерулер өткізіледі. Баланы диспансерлік бақылаудан шығару туралы шешімді тиісті медициналық тексерулердің нәтижесіне сүйене отырып, инфекционист дәрігер қабылдайды.

Бала емізу қауіпті ме?

АИТВ анадан балаға ана сүті арқылы берілуі мүмкін. Сондықтан АИТВ инфекциясы бар әйелдерге мүлдем емізуге болмайды. Сондай-ақ сауылған ана сүтін де балаға беру қауіпті. Егер АИТВ инфекциясы емізу кезеңінде анықталса, баланы емізуді тоқтатып, инфекционист дәрігерге жедел көріну қажет.

Дәрігер кеңесі

Дәрігер АИТВ диагнозы бар әйелдің ана болу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

— Бүгінде медицинадағы заманауи тәсілдер дұрыс ем қабылдап, дәрігердің тұрақты бақылауында болған жағдайда АИТВ-ның анадан балаға берілу қаупін барынша төмендетуге мүмкіндік береді. Сондықтан жүктілікті жоспарлаған немесе жүкті екенін білген АИТВ-мен өмір сүретін әйел ең алдымен дәрігерге жүгініп, қажетті тексерулерден өтіп, емдеу мен профилактика бойынша жеке ұсыныстар алуы керек. Өз денсаулығыңызға және болашақ балаңыздың денсаулығына жауапкершілікпен қараңыз. Уақытылы диагностика, дұрыс ем және дәрігердің ұсыныстарын сақтау өмірге дені сау баланың дүниеге келуінің кепілі, — дейді Диана Нүрпейісова.

Бұған дейін Ақтөбеде жарты жылда 23 адамнан АИТВ инфекциясы анықталғанын жазған едік.