АИТВ жұқтырған науқастарды қоғамнан шеттетпеу қажет — дәрігер

Фото: Фото: Kazinform/ DALL-E

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында АИТВ жұқтырудың алғашқы дерегі 1993 жылы тіркелген. Өңірлік АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Айгүл Кудаманованың мәліметінше, бұл дертті жұқтырғандарды қоғамнан шеттетуге болмайды. 

— Айгүл Бақытжанқызы, өңірде АИТВ дертінің алдын алу үшін не істеліп жатыр?

— Бұл инфекция әлемнің барлық дерлік елінде тіркелген. Сол себептен, аталған дерт барша адамзатты толғандырып отыр. Осыған байланысты инфекциямен күрестің бүкіләлемдік күні белгіленген. Бірақ, бұл — тек жетістіктерді атап өту үшін емес, қоғамды осы дертпен күресті жетілдіруге шақыратын күн. Біздің орталық атаулы күні ғана емес, жыл бойы АИТВ инфекциясының зардабын, оны жұқтырудың жолдары, жалпы сақтық шаралары туралы ұдайы айтып келеміз. 

Биыл Атырау қаласындағы бірнеше оқу орнында кездесулер, адам көп шоғырланатын ойын-сауық кешендерінде акция өткізілді. Мәселен, Атырау қаласындағы Infinity Mall сауда-ойын-сауық кешеніндегі кең көлемді акцияға үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар, студенттер, өзге де тұрғындар қатысты. Мұндай іс-шараның мақсаты — тұрғындарға АИТВ инфекциясының алдын алу, әр адамның құқығы мен қадір-қасиетін құрметтеудің маңыздылығын жеткізу, саламатты өмір салтын ұстануды насихаттау. Атыраулықтарға, оның ішінде студенттер мен ерікті тұрғындарға АИТВ инфекциясына тексерілу үшін тегін экспресс-тесттен өту мүмкіндігі берілді. 

— АИТВ инфекциясының таралу жолы қандай?

— Осы кезге дейін аталған инфекцияны жұқтырудың негізгі 3 жолы анықталып отыр. Біріншіден, АИТВ жыныстық жолмен таралады. Екіншіден, қан арқылы жұғады. Ал, үшіншісі — АИТВ инфекциясымен ауырған анадан балаға берілуі. Сондықтан, әлі оң-солын танып үлгермеген жастарды алғашқы екі жолдан қорғау үшін түсінік жұмыстарын жиі жүргіземіз. Бұл инфекцияны жұқтырмаудың басты жолы — әр адам жеке гигиеналық құралдарды қолдану кезінде мұқият болуы керек. Осы орайда тіс щеткасын, қырынуға арналған құрылғыларды өзге адамдарға пайдалануға бермеген жөн. Ал, сұлулық салондарына барғанда, әсіресе, әйелдер маникюр, педикюр және тату жасайтын құралдардың тазалығына көз жеткізу қажет. қолданар кезде аса мұқият болған жөн. Мемлекеттің басты байлығы — адам десек, дені сау адам ғана ел қазынасы, ұлт болашағы. Әр оқушы, студент — бір отбасының болашағы десек, тұтастай алғанда қазақтың генофонды»

— Атырау облысында АИТВ инфекциясын жұқтырған алғашқы адам қашан тіркелген? Өңірдегі бүгінгі эпидемиологиялық ахуал туралы айтсаңыз…

— Атырау облысында АИТВ инфекциясының алғашқы жағдайы 1993 жылы тіркелген еді. Сол кезден бүгінге дейін 617 адамнан АИТВ инфекциясы анықталды. Қазіргі орталықтың диспансерлік есебінде 430 адам тұр. Мәселен, биыл жыл басынан бері бұл дертті жұқтырған 75 адам тіркелді. Оның 15-19 жасқа дейінгі 1 адам (1,3%), 20-29 жастағы 12 адам (16,0%), 30-39 жастағы 39 (52,0%) бар. Ал, 17 адамның (22,7%) жасы 40-49-дың аралығын құрап отыр. Бұл дертті 50-59 жастағы буыннан 6 адам (8,0%) жұқтырды.

Биыл АИТВ жұқтырған 6 жүкті әйел есепте тұрды. Оның 4-еуі босанып, 2-еуі жүктілікті үзді. Қазір перинаталдық байланыстағы 11 бала дәрігерлердің бақылауына алынды. 

Фото кейіпкердің жеке архивінен

— Аталған ауруды жұқтырғандарға қандай медициналық көмек көрсетіледі?

— Қазір Атырау облысында АИТВ-мен өмір сүретіндерді қолдау үшін барлық жағдай жасалып отыр. Мәселен, 1990 жылы облыстық қан орталығында зертханалық бөлімше ретінде ғана жұмыс істеді. Ал, 2014 жылы салынған жаңа ғимаратта келушілерге қызметтің бірнеше түрін алуға толық мүмкіндік жасалды. Қазір орталықта психологиялық-әлеуметтік кеңес беру, достастық кабинеттері, қан алу бөлмесі, сенім бекеті, дигностикалық зертхана, профилактикалық, эпидемиологиялық, емдеу-алдын алу бөлімдері ашылды. 

Психохологиялық-әлеуметтік кеңес кабинетінде электронды кезек жүйесі енгізілді. АИТВ-мен өмір сүрушілер АРВ препараттармен толық қамтылды. Сонымен бірге, туберкулездің, оппортунистикалық аурулардың алдын алу емдері жүргізіледі. Инфекционист, фтизиатр, педиатр, гинеколог, дерматовенеролог, нарколог, психолог, провизор мамандары медициналық қызмет көрсетеді. 

АИТВ инфекциясының таралуын тоқтату мақсатында байланысқа дейінгі алдын алу (ДКП) жүргізіліп отыр. Әлемде қауіпті індеттің алдын алу үшін бұл әдіс кеңінен қолданылады. Орталықта тұрғындарды АИТВ-ға тексеру, емдеу, диспансерлік-динамикалық бақылау, инфекция жұқтырғандар мен тәуекел топтарға қажетті зертханалық талдаулар толығымен тегін жүргізіледі. Жыл басынан бері орталықтың заманауи зертханасында 116 513 адамның қанына тегін сараптама жасалды. 

— Қазір медициналық көмектің нәтижесінде АИТВ-мен өмір сүретіндердің өмір жасын ұзартуға бола ма? Бұл қаншалықты рас?

— Дәрігерлердің алдында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 95-95-95 стратегиясы бойынша АИТВ індетінің таралуын 2030 жылға дейін тоқтату мақсаты тұр. Бұл дегеніміз — біріншіден, вирус жұқтырғандардың 95 пайызын табу. Екіншіден, жұқтырушылардың 95 пайызына ем жүргізу, үшіншіден, науқастардың 95 пайызында вирус мөлшерін азайту қажет. Біздің облыста бұл көрсеткіштер 2023 жылдың қорытындысы сәйкесінше 71%, 96% және 91% болып отыр. Дегенмен, Атырау облысы бұл көрсеткіштерді орындау бойынша республикалық деңгейде алдыңғы қатарда тұр. 

ХХ ғасырда АИТВ инфекциясы емделмеген жағдайда ЖИТС сатысына ұласып, дүние жүзінде көптеген жанға қасірет әкелді. Алайда, соңғы кездері бұл көзқара өзгерді. Өйткені, заманауи медициналық құрылғылар дертті уақытында анықтауға жол ашты. Ал, үздіксіз ем алу науқастың өміріне төнген қауіпті сейілтеді. Білікті дәрігерлер белгілеген емді ұдайы қабылдаудың нәтижесінде науқастардың сапалы әрі ұзақ өмір сүруіне болады. 

Ең бастысы — АИТВ инфекциясымен өмір сүретін адамдарға толерантты көзқарас қалыптастыру. Инфекцияны жұқтырмауға саламатты өмір сүруді кеңінен насихаттаудың да маңызы зор. Жалпы АИТВ инфекциясының таралуы адамдардың мінез-құлқына тікелей байланысты болады. Көркем мінез-құлықты таңдау арқылы ғана АИТВ-мен тиімді күресуге болады. Әр адам жеке қорғаныс құралдарын пайдалануы керек. «Есірткіге жол жоқ» деген көзқарасты ұстану қажет. Болашақта біз АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдармен кездесуіміз мүмкін. Ол — туған бауырларың, дос-жарандарың да болуы ғажап емес. Біз сол кезде оларды шеттетпей, қолдауға тиіспіз. Ал, стигма мен кемсітушілік — АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өміріне қауіп төндіру, адам құқығына қол сұғу. 

Жалпы АИТВ — ұдайы күресуді және алғашқы сатысында-ақ алдын алу жұмыстарын жүргізуді қажет ететін инфекция. Онымен ауыратын адамдар күнделікті ем алудың нәтижесінде толыққанды өмір сүріп, дүниеге дені сау ұрпақ әкелуіне мүмкіндігі бар. Сондықтан, орталық мамандарының мақсаты — АИТВ-ның таралуының алдын алу, науқастарды уақытылы анықтап, әрі қарай қоғамнан шеттетілмей өмір сүруіне жағдай жасау. 

Фото кейіпкердің жеке архивінен