АИТВ жұқтырғандар да дені сау сәби сүймек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық ЖИТС-пен күрес және оның алдын алу орталығының мәліметі бойынша, 2016 жылдың басында Қазақстан бойынша АИТВ белгісі анықталған 17 726 адам тіркелсе, биылғы 5 айдың ішінде 1137 адам есепке алыныпты.

Оның 635 - ер адам, 502 - әйел. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай АИТВ-инфекциясын жоюды мақсат етуде, деп жазады «Айқын» басылымы. 

Осы орайда Қазақстанда Орталық Азия­дағы АИТВ (ВИЧ) бойынша «Флагман» атты USAID жобасы жүзеге асырылуда. Өңірлік жоба ЮНЭЙДС 90:90:90 стра­те­гиясына сәйкес жүзеге асырылады. 90:90:90 дегеніміз не? Мәселен, 2020 жылға қарай АИТВ-мен ғұмыр кешіп жүрген бар­лық адамдардың 90 пайызы өздерінің АИТВ статусын білетін болады, АИТВ дертін жұқтырғаны туралы диагноз қойылған бар­лық адамдардың 90%-ы антиретрови­рустық терапиямен тұ­рақты түрде қамтылады, ал антиретрови­рустық терапиямен қамтылған адамдардың 90%-ы вирустық жүктемені ке­міту бойынша бақылауға алынбақ. Яғни бұл өз кезегінде бүкіл дүниежүзінде АИТВ және ЖИТС дертімен өмір кешіп жүрген адам­дардың өмірін сақтап қалуға бағытталған.
Бүкіләлемдік экономикалық форум­-ның қорытындысы бойынша Қазақстан АИТВ инфекциясының таралуы төмен ел­дер­дің тобына кіреді. Негізінен, инфек­ция­ны жұқтыратындардың дені, яғни 90 па­йызы, репродуктивті және еңбекке қабілет­ті тұрғындардың категориясына жататын 15-49 жас аралығындағы топ болып есеп­те­леді. АИТВ эпидемиясы 30 жыл бойы жал­ғасып келеді. Жыл сайын әлемде шамамен 2 мил­лион АИТВ-тың жаңа жағдайлары тірке­леді, 1 миллионнан астам адам АИТВ сал­да­рынан көз жұмады. 
Астана қаласы ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрі­герінің орынбасары Салтанат Мусина­ның айтуынша, бүгінде елімізде АИТВ ин­фек­циясының таралуына ықпал ететін топ­тар (инъекциялық есірткілерді тұтыну­шылар, бей-берекет жыныстық қатынас­тар, коммерциялық секс қызметін көр­се­тушілер) арасында АИТВ-инфекциясын дер кезінде анықтау бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. 
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның (ДДСҰ) ұсыныстарына сәйкес, 2020 жылға қарай АИТВ-инфекциясын диагностикаланған жағдайлары 90 пайызға жетуі қажет. Өйткені АИТВ жұқтырған па­циент ертерек медициналық бақылауға алынса, оның денсаулығы мен өмірін сақ­тап қалудың мүмкіндіктері жоғары. Сол үшін де Астана қаласының әкімдігі АИТВ-инфекциясын диагностикалаудың қар­жы­сын ұлғайтты. 2015 жылдың қорытындысы бойынша қала тұрғындарының шамамен 
30 пайызы зерттеуден өтті. Қалада 1997 жыл­дан бастап тұрғындардың әртүрлі топ­тары үшін алдын алу іс-шараларының жал­пы кешені жүргізіледі. Соның арқасында, тәуекел топтары арасында АИТВ инфек­циясының анықталу жиілігі азайғандығы байқалады. АИТВ-инфекциясының эпиде­миологиялық ерекшеліктеріне байланысты, 25-40 жас арасындағы қарапайым халық ара­сында жыныстық жолмен жұқтыру жағ­дай­лары жиі тіркелуде, - дейді Салтанат Мусина. 
Алдын алу жұмыстарын жүргізу кезінде негізгі екпін ведомствоаралық ынтымақ­тастықтар және ҮЕҰ мен жастар орталық­тары ресурстарын тартуға түскен екен. Себебі қауіпті сырқаттың алдын алу жас­тардың денсаулығын сақтауға мүмкіндік бе­реді. Жалпы, жастар АИТВ жұқтыру бойынша тәуекел тобына кіреді. АИТВ эпи­демиясының даму тарихында «АИТВ - жастар ауруы» деген түсінік қалыптасқан. 
- Жастардың жыныстық қатынастағы сауаттылықтарының аздығы, бей-берекет жыныстық қатынастарға баруы АИТВ-ты жұқтыруына алып келеді. АИТВ-тың жы­ныстық жолмен таралуының, АИТВ ин­фекциясын жұқтырған әйелдер санының өсуі олардан туған АИТВ жұқпасын жұқ­тыр­ған балалардың көбеюіне әкеледі. Осы­ған байланысты АИТВ эпидемиясымен кү­ре­судің маңызды бағыттарының бірі - АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу. Сондықтан балалар ара­сындағы АИТВ-ның алдын алу үшін барлық әйелдер жүктілік кезінде АИТВ қарсы екі мәрте тестілеуден өтулері қажет. АИТВ-ға қарсы дер кезінде арнайы дәрі­лерді қабылдаған жағдайда инфекция жұқ­тыруды 40 пайыздан 2-5 пайызға дейін төмендетуге болады. Осының арқасында, АИТВ жұқтырған әйелдер жиі жүктілікті сақ­тап қалады және дені сау сәби туу мүм­кіндіктеріне ие болады, - дейді маман Сәуле Мусина.