Ақ Азиада Қазақстан құрамасының келешектегі Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетуіне оң ықпалын тигізеді – А. Омарқұлов

None
АТЫ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 85 жылдан астам тарихы бар «Динамо» денешынықтыру-спорттық қоғамы Тәуелсіз Қазақстан спортының дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан құрылымдардың бірі.

Осы қоғамға мүше спортшылар халықаралық деңгейдегі әртүрлі жарыстарда еліміздің абыройын асқақтатып, мерейін көтеріп жүр. Жалпы, аталмыш қоғамға мүше спортшылардың көпшілігі спорттың сан түрінен Қазақстан құрамасының мүшелері болып табылады. Алдымызда өтетін 7-Қысқы Азия ойындарының қарсаңында біз «Динамо» денешынықтыру-спорттық қоғамы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұловқа жолығып, қоғам қатарындағы спортшылардың Азиадаға дайындығы туралы сұрап-білген едік.

- Асқар Әлирахымұлы, «Динамо» қоғамының спортшылары Ванкувердегі қысқы Олимпиада ойындарында күміс медальді еншілегенін, ал Бейжіңде өткен ХХІХ жазғы Олимпиада ойындарында құрама қоржынына түскен 13 медальдің 11-ін салғанын және Гуанжчоудағы жазғы Азия ойындарында да табысты өнер көрсеткенін білеміз. Елімізде алғаш рет өтетін 7- Қысқы Азия ойындарында ел намысын қорғайтын Ұлттық құраманың қатарында қанша динамошы спортшы бар?

- 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Астана мен Алматы қалаларында өтетін Ақ Азиадада шаңғы жарысы, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, спорттық бағдарлау, биатлон, фристайл, шайбалы хоккей, допты хоккей, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек сияқты спорттың 11 түрінен жарыстар болады. Бұл дүбірлі додада ел намысын 168 спортшы қорғайды, олардың 43-і «Динамо» денешынықтыру-спорттық қоғамының мүшелері. Олар Азиадада спорттың 9 түрі бойынша сынға түседі. Атап айтқанда, динамошы спортшылардың 3-еуі шаңғы жарысынан, 7-еуі конькимен жүгіруден, 5-еуі фристайлдан, 6-ауы биатлоннан, 3-еуі шорт-тректен, 1-еуі тау шаңғысынан, 3-еуі тұғырдан шаңғымен секіруден, 1-еуі мәнерлеп сырғанаудан, 14-і шайбалы хоккейден ел намысын қорғайтын болады. Бұл спортшылардың 17-сі Оралдан, 11-і Шығыс Қазақстан облысынан, 5-еуі Қызылжардан, 4-еуі Алматыдан, ал Көкшетау, Қостанай, Қарағанды және Талдықорғаннан бір-бір спортшыдан бар.

- Алдағы Азиадада қандай спортшыларға үміт артасыз, «мына спортшының бабы мықты» дегендей болжамыңыз бар ма?

- Спортта кімнің жеңімпаз болатынын ешкім дәл болжап бере алмайды. «Ат шаба ма, бап шаба ма» демекші онда кейбіреуге сәттілік жолдас болса, кейбіреуі спорттық дайындығына арқа сүйейді. Кейде алғашқы кезеңде сәтті өнер көрсетіп, негізгі сында күшін сарқып алатындар немесе жүйкеге салмақ түсіріп, өз әлеуетін көрсете алмай жататындар да болады. Мәселен, биатлонда нысана көздеу кезінде спортшы бір сәтке босаңдық танытса, осы іс-қимылы оның жарыстағы түпкілікті нәтижесін өзгертіп жіберуі мүмкін. Дегенмен, медальдан басты үміткер деп саналатын бірқатар спортшылардың есімін атап өту артық болмас. Мәселен, мен биатлоншылардан - Елена Хрусталева, Ольга Полторанина, Александр Червяков, Ян Савицкий, Александр Трифоновқа; шаңғымен тұғырдан секірушілерден - Радика Жапаров пен Алексей Королевке; тау шаңғысы спортынан сынға түсетіндерден - Игорь Закурдаевке; шаңғы жарысынан ел намысын қорғайтындардан - Алексей Полторанин, Сергей Черепанов, Елена Антоноваға көп үміт артамын.

Сонымен қатар конькимен жүгірушілерден - қызылжарлық Дмитрий Бабенко мен Роман Кречтен, қарағандылық Екатерина Айдовадан; мәнерлеп сырғанаушылардан - алматылық Марига Шишкинадан, шорт-тректен жарыс жолына шығатындардан - оралдық Айдар Бекжанов пен Артур Сұлтанғалиев және Инна Симоновадан; сондай-ақ фристайлдан бәсекеге түсетіндерден - өскемендік Дмитрий Рейхерд пен Дмитрий Бормашов, Дарья Рыбалова, Юлия Галышева, Юлия Радионовадан жақсы нәтижелер күтуге болады.

Бұған қоса шайбалы хоккейшілеріміз де ел үмітін ақтайды деп ойлаймын. Кезінде Алматының "Динамосы" бірнеше мәрте КСРО чемпионатын ұтып, Еуропа кубогының иегері атанған болатын. Сондықтан бүгінгі ізбасарлар аға буынның даңқты жолын қайта жаңғыртатына үлкен үміт артамын.

- «Динамо» спорт қоғамында қандай спорт түрлеріне айрықша басымдық берілген?

- Жалпы "Динамо» спорт қоғамы бүгінде құқық қорғау қызметкерлерінің денешынықтыру және дене тәрбиесі мәселесімен айналысады. Тарата айтар болсақ, ІІМ, ҰҚК және басқа да құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері «Динамо» жалауы астында дене тәрбиесі даярлығынан өтуді дәстүрге айналдырған. Олар мұнда спорттың 25 түрі бойынша жаттығу жасайды, оның 19-ы жазғы, 6-ауы қысқы спорт түрлері. Қазір Оралда «Динамо-Ақжайық» деп аталатын допты хоккей командасы бар. Бүгінде 14 хоккейшіні ішкі әскер қызметкерлерінің қатарына алдық. Олар «Динамо-Ақжайық» командасының сапында Қазақстан мен Ресей чемпионатына қатысады. Бұл команда ел чемпионатында ғана емес, Ресей біріншілігінде де алдыңғы орында келеді. Жасыратыны жоқ, «Динамо» спорт қоғамының атын шығарған осы допты хоккей болды. Қазіргі таңда Қазақстан спорттың бұл түрі бойынша әлемде үздік бестіктің қатарында тұр. Егер 2014 жылы Ресей Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына допты хоккейді енгізетін болса, онда жүлделі орындардың біріне таласа алатынымызға сенім мол.

- Олимпиада туралы ойыңызды одан ары сабақтасақ. Ванкувердегі ойындарда Қазақстан құрамасы биатлоншы Елена Хрусталева жеңіп алған күміс медальді қанағат тұтты. Жазғы спорт түрлерін болған жарыстарда командамыздың қоржыны бос қайтып көрген жоқ. Ал қысқы спорт түрлеріне келгенде тауымыз шағылып, бармақ шайнайтын кездеріміз болады. Сіздің ойыңызша, бұл олқылықтық орнын қалай толтыруға болады?

- Әңгіменің ауаны қайда бет алғанын жақсы түсініп отырмын. Қазақстанның қысқы спорт түрлерін дамытуда әлеуеті мол. Өкінішке қарай, барлық мәселе сайып келгенде спорт базаларына келіп тіреледі. Мәселен, Медеу мұз айдыны күрделі жөндеу жұмысына жабылған кезде конькимен жүгіруден ел чемпионатын өзге елде өткізуге мәжбүр болдық. Спорттық база болмағандықтан, өзге спорт түрлері бойынша да көптеген спортшылармыз әлі күнге дейін дайындықтарын шет елде пысықтап жүр. Бұл олқылық тек 7-Қысқы Азия ойындары қарсаңында ғана түзетіле бастады. Алматыда шаңғымын тұғырдан секіру кешені, Солдат шатқалында шаңғы-биатлон стадионы, Астанада жабық коньки стадионы салынды. Бұл қысқы спорт түрлерін жұртшылық арасында насихаттап, дамытуға тың серпін беретіні күмәнсіз. Сондықтан бұған дейін қысқы спорт түрлерінен өзгелердің қанжығасында кетіп жүрген өз еншімізді енді бірте-бірте кері қайтара бастайтынымызға сеніміміз зор. «Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамадың ба» дегендей спортшыларға тағы аз уақыт мүмкіндік берейік.

- Азия ойындарына қатысатын динамошылардың спорттық бабына кім жауапты?

- «Динамо» спорт қоғамында спортшылар қазір қысқы спорттың 6 түрі бойынша дайындалады. Олар - шорт-трек, шаңғы жарысы, биатлон, хоккей, конькимен сырғанау және допты хоккей. Біз мүмкіндігімізге қарай спортшылардың әлеуметтік жағдайын жасауға тырысып жатырмыз. Ал олардың Ұлттық құрамадағы дайындығы Спорт және туризм министрлігінің құзырында. Әрине, чемпиондар ұстаханасы атанғанымен «Динамо» жалғыз өзі барлық жүкті көтере алмайды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін спорттық базалар «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен спорт қоғамдарының нысандарын тиісті мақсатта пайдалану мәселесін шешуді тезірек қолға алған жөн. Мәселен, қазір біздің қармағымызда 3 спорт кешені ғана бар. Ал кезінде құзырлы министрлдіктердің қармағына берілген өзге спорт нысандарының жағдайы әлі түзеле қойған жоқ. Егер Үкімет оларды заң арқылы бізге қайтарып беретін болса, біз оларды жаңартып, спортпен айналысатын адамдардың санын ғана емес, спорт түрлерін де көбейтіп, Ұлттық құрамаға кадр дайындауды бұдан ары шыңдай түсетін едік. Өкінішке қарай, біздің мүмкіндік өте шектеулі.

Сол сияқты кезінде «Буревестник», «Қайрат», «Уражай» сияқты спорт қоғамдары болған. Олар туралы мағлұматы барлар бүгінде некен-саяқ болуы мүмкін. Ал олар да кезінде спорттың дамуына қомақты үлес қосты. Қазіргі кезде елімізде бұрыннан келе жатқандардан тек екі спорт қоғамы ғана қалды, олар -«Динамо» және Армияшылардың орталық спорт клубы (ЦСКА). Егер соңғы он сегіз жылдың ішінде Атланта, Сидней, Афина және Бейжің олимпиадаларындағы жоғары жетістіктерге қол жеткізген спортшылардың аты-жөніне көз жүгіртсеңіз, олардың қатарында «Динамо» тәрбиеленушілерін көптеп кездесетінін байқауға болады. Мәселен, қазақстандықтар Афинада жеңіп алған 8 медальдің 7-еуін, ал Бейжің Олимпиадасында ие болған 13 медальдің 11-ін біздің динамошылардың құрама қоржынына салды. Мұндай жоғары атаққа бұған дейін қысқы Олимпиада ойындарында ЦСКА-дан Владимир Смирнов қана қол жеткізген болатын.

Осы арада ЦСКА-ның мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатынын, ал «Динамо» спорт қоғамының өзін-өзі қаржыландыратын, мемлекеттік емес қоғамдық бірлестік екенін айта кеткен жөн. Менің білуімше, ЦСКА-ға Үкіметтен жылына 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінсе, бізге осы уақытқа дейін бір тиын да берілмеді. Жерінің аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан сияқты мемлекет үшін екі спорт қоғамы аздық ететіні сөзсіз. Сондықтан Ауыл шаруашылығы мен Туризм және спорт министрліктерінің ауыл жастарын спортқа тарту мақсатында "Қайрат" деп аталатын жаңа спорт қоғамын құруын өз басым толық қолдаймын. Өйткені, спорт қоғамдарының жұмысы бәсекелестік қалыптасқан кезде қарқынды дамитын болады. Қазіргі кезде біздің алдымыздағы тұрған басты міндет - 2012 жылғы Лондон олимпиадасына дайындық болып отыр. Оның ар жағында Сочидегі қысқы Олимпиада ойындары тұр. Сондықтан бұл межеден де сәтті өту үшін бізге әлі көп жұмыстарды атқару керек.

- Еңбектеріңіз жемісті болсын.