ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақ қардың үстімен шаңғы тепкенге не жетсін! Бұл туралы бүгін Орал қаласында шаңғымен көпшілік жүгіру шарасына қатысқан мүгедек спортшы Бауыржан Өмірәлиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық мәдениет және демалыс саябағында жаңа жыл алдындағы шаңғымен көпшілік жүгіру сайысына 500-ден астам тұрғын қатысты.
Солардың арасында қос аяғы жоқ болса да, жарыс жолына шыққан Бауыржан ерекше назар аударды. Ол кейбіреулердей орта жолда қалып қойған жоқ. Дені сау спортшылармен бірге 2,7 км қашықтықты толық аяқтап шықты.
«Мен 2017 жылдың 9 қарашасы күні жол апатына ұшырап, қиын жағдайға тап болдым. Қос аяғымнан айырылып, үйде жаттым. Сол кезде қаншама қиын болса да, өмірге деген құштарлығымнан айнымай, спортпен айналысуға бел будым. Маған жеке бапкерім Азон Нұрмұханұлы Шаймарданов дем беріп, шеберлігімді шыңдап келеді. Жарты жылдан бері волейбол, хоккей, шаңғымен жүгіру сынды спорт түрлерімен тұрақты шұғылданудамын. Сондықтан барша тұрғындарды келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, спортпен айналысуға шақырамын», деді ҚазАқпарат тілшісіне 29 жасар Бауыржан Өмірәлиев.
Айта кетейік, сонымен қатар бүгін 42 адам 10 км және 11 адам 21 км қашықтықты (жартылай марафон) жаяу жүгіріп өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).