Ақ некенің қадірі мен қасиеті, иманды отбасының ерекшеліктері жайында еңбек жарық көрді - ҚМДБ

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Жанұя - шағын мемлекет. Ал үлкен мемлекеттің негізі екі жастың ақ некесінен басталады. Адамның жеке тұлғасының қалыптасуы отбасыдан басталары хақ. Кез келген пенденің ар-ұятының, ақыл-ойының, адамгершілік пен ізгілікке ұласқан тәлім-тәрбиесінің қалыптасып, дамуы отбасыдан бастау алатыны басы ашық мәселе. Абыз ақсақалдар, батагөй қариялар жаңа өмірге қадам басып, отбасын құрған жастарға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата береді. Бұл - құрған отбасыңның тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз.

«Қоғамның имандылыққа икемделу маңызына мән берген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Ақ неке» кітапшасы және «Мұсылман неке куәлігі» жарық көрді»,-деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметінен.

Шағын еңбекте жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар үшін ақ некенің қадірі мен қасиеті, иманды отбасының ерекшеліктері түсіндірілген. Кітапша иманды жанұя мәселелеріне қызығушылық танытқан ізденушілерге, жас жұбайлар мен қыз-келіншектерге арналған. Таралымы - 50 мың дана.