Ақ Олимпиада тарихы: Қазақстан қанша медаль еншіледі

Коллаж: Kazinform / Prosports.kz / Olympic.kz /Stayersportswear.com

АСТАНА.KAZINFORM – XXV қысқы Олимпиада ойындары бүгін Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында ресми жалауын көтереді. Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өз тарихында тоғызыншы рет қысқы Олимпиада ойындарына қатысқалы отыр. Осы орайда, Kazinform тілшісі еліміздің ақ Олимпиада тарихына көз жүгіртіп көрді.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін алғаш рет 1994 жылғы Лиллехаммерде (Норвегия) өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Байрақты бәсекеде Владимир Смирнов 3 медаль еншілеп, Қазақстан құрамасы жалпы есепте 12-орыннан көрінді.

Отандасымыз шаңғы жарысынан 50 шақырым қашықтықты жүріп өтіп, мәреге бірінші болып келді. Бұл жеңіс Қазақстан ақ Олимпиада тарихындағы алғашқы, әрі осы уақытқа дейінгі бірден-бір Олимпиада алтыны.

Фото: Olympic.kz

Дәл сол Олимпиадада шаңғышы тағы екі күміс медальға ие болды: 10 және 15 шақырым қашықтықта күміс медаль жеңіп алды.

1998 жылы Наганода (Жапония) өткен қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 2 қола медаль еншілеп, жалпы есепте 21-орынға тұрақтады.

Фото: Olympic.kz

Аты аңызға айналған шаңғышы Владимир Смирнов 15 шақырым қашықтықта мәреге үшінші болып жетті.

Ал конькимен жүгіруші Людмила Прокашева 5000 метр қашықтықта ел қоржынын қола медальмен толықтырды.

Фото: skating.kz

Қазақстан спортшылары үшін 2002 жылғы Солт-Лейк-Сити (АҚШ) және 2006 жылғы Турин (Италия) Олимпиадасы сәтсіз болып, елге медальсыз оралды.

Қазақстан құрамасы Ванкувер қаласындағы ХХI қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін 39 лицензия жеңіп алды. Қортындысында, ұлттық құрама араға 12 жыл салып жеңіс тұғырынан көрінді.

Фото: Olympic.kz

Биатлоншы Елена Хрусталева 15 шақырымдық жекелей жарыста бар болғаны 20,7 секунд айырмашылықпен қарсыласына есе жіберіп, мәреге екінші болып жетті. Қазақстан құрамасы 1 күміс медальмен жалпы есепте 25-орынға табан тіреді.

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2014 жылы Сочиде (Ресей) өткен Олимпиаданың қола жүлдесіне ие болды. Қазақстан құрамасы осы нәтиженің арқасында жалпы есепте 26-орыннан көрінді.

Фото: Olympic.kz

Қысқа бағдарламадан кейін тоғызыншы орында тұрған Денис Тен еркін бағдарламада жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарына қосылды.

2018 жылы Пхенчханда (Оңтүстік Корея) өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы елге Юлия Галышеваның жалғыз қола жүлдесімен елге оралды.

Фото: Olympic.kz

Ол жарыс жолында ширақ, батыл әрі сенімді мәнерімен ерекшеленді. Оның стилі - көрерменді таңғалдыру үшін тәуекелге баруға емес, қимыл-қозғалыстың тазалығы мен элементтердің мүлтіксіз орындалуына негізделген.

2022 жылғы Бейжің (Қытай) қысқы олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар жүлдесіз қалды.

Осылайша, осыған дейін өткен 8 қысқы Олимпиада ойындарында, Қазақстан құрамасы жалпы 8 медаль еншіледі. Оның ішінде 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль бар.