Ақ пен қараны айыруда аудармашының көмегі көп

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сот ісін жүргізу тілі талап-арыздың қай тілде түскеніне байланысты. Сондықтан әрбір азамат істі өзінің ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде іс жүргізуді талап етуге құқылы.

Іске қатысушы тұлғалар сот процесіндегі жұмыс тілін меңгермеген жағдайда аудармашының көмегіне жүгінетінін айта кеткеніміз жөн. Қатысушы тараптардың сөздерін дәл, нақты жеткізу үшін аудармашыларға қойылар талап жоғары. Оның екі тілді бірдей сөйлейтін, шебер меңгерген маман болуы ғана емес, салалық терминдерді жатық, түсінікті аудара білуі шарт. Бұл талаптарды іс жүзінде орындау қиын. Өйткені екі тілді меңгергендер өте аз. ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің (АІЖК) 40-бабы 1-тармағында көзделген қарсылық білдіруге негіздер аудармашыға да қолданылады. Айталық, аудармашы іске қатысушы тұлғалардың немесе олардың өкілдерінің біреуінің туысы болса; істің нәтижесіне жеке, тікелей немесе жанама түрде мүдделі не оның әділдігіне негізді күмән туғызатын өзге де мән-жайлар болса ол істі қарауға қатыса алмайды және оған қарсылық білдірілуге тиіс. Азаматтық іс жүргізуде аудармашыны сот төрелігін жүзеге асырудағы жәрдемдесушілер тобының қатарына жатқызамыз. Осы топқа жатқызғаннан кейін аудармашы белгілі бір құқықтық мәртебеге ие болады.

Атап айтқанда, егер өзінің аудармасы үшін қажетті білімі болмаса, іс жүргізуге қатысудан бас тартуға; аударма жасау кезінде қатысушы тұлғаларға аударманы нақтылау үшін сұрақтар қоюға; іс жүргізу әрекеттерінің хаттамасымен танысуға және аударманың параққа түсірілуінің толық және дұрыс екендігі жөнінде хаттамаға енгізілуі керек болатын ескертпелер жасауға құқылы. АІЖК-нің 182-бабында аудар-машының міндеттері де қарастырылған. Төрағалық етуші аудармашыға көпе-көрінеу дұрыс аударма жасамағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінде көзделген жауапкершілік жөнінде ескерте алады. Аудармашының бұл туралы қолхаты сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі. Аудармашы сотқа келуден немесе өз міндеттерін орындаудан жалтарған жағдайда оған әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңдарға сәйкес әкімшілік жаза белгіленуі мүмкін.

Аталған АІЖК-нің 109-бабы 2-тармағына сәйкес, аудармашыға төленуге тиісті қаржы республикалық бюджеттің есебінен жүргізіледі. Сыйақының мөлшерін тиісті еңбекке ақы төлеудің қолданылып жүрген нормаларын негізге ала отырып, сот белгілейді. Қазіргі уақытта сот ісін жүргізу барысы көбінде бейнетаспаға жазылады, сондықтан да аудармашының жазбаша немесе ауызша жасаған аудармасының сапасын тексеруге толық мүмкіндік бар. Өздеріне жүктелген міндетті, жауапкершілікті сезінген аудармашылар істің ақ-қарасын анықтауда үлкен көмек әрі олар тілдің дамуына да зор үлес қосуда.

Шиналханов