Ақ үй БҰҰ мен НАТО-ны қаржыландыруды тоқтатуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Дональд Трамптың әкімшілігі АҚШ Мемлекеттік департаментінің бюджетін екі есе қысқартуды, дипломаттар мен елшіліктер санын азайтуды, халықаралық ұйымдарды, соның ішінде БҰҰ мен НАТО-ны қаржыландыруды тоқтатуды ұсынды, деп жазады DW.
Қаржыландыруды 50%-ға немесе шамамен 30 миллиард долларға қысқарту жоспарланып отыр.
Ақ үй АҚШ-тың шетелдегі, негізінен Африка мен Еуропадағы 10 елшілігі мен 17 консулдығын жабуды ұсынып отыр. Қысқартулар Мемлекеттік департаментке ғана емес, функциялары сыртқы саясат департаментіне берілген АҚШ-тың халықаралық даму агенттігіне (USAID) де әсер етеді.
Құжат БҰҰ мен НАТО-ны қаржыландыруды тоқтатуды, шетелдік көмекті екі есе азайтуды және АҚТҚ, туберкулез және безгекпен күресу үшін аз мөлшердегі қаражатты қоспағанда, шетелде денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды тоқтатуды талап етеді.
АҚШ жыл сайын Альянсқа ең көп үлес қосатын мемлекеттердің бірі болып келген. Қаржыны қысқарту НАТО-ның қорғаныс стратегиясына әсер етуі мүмкін.
АҚШ БҰҰ-ның бейбітшілік миссияларына, гуманитарлық көмек пен даму бағдарламаларына тұрақты түрде қаржы бөліп келген. Бұл шешім әлемдік гуманитарлық операцияларға кері ықпал етуі ықтимал.
Халықаралық саясаттанушылар бұл қадам АҚШ-тың жаһандық көшбасшылық рөлін әлсіретуі мүмкін деп есептейді. Сонымен қатар, одақтастар арасында алаңдаушылық туындап отыр.
АҚШ билігі бұл шешімді уақытша және жағдайға қарай қайта қаралуы мүмкін екенін де мәлімдеген.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп компьютерлік чиптер мен дәрі-дәрмектерге баж салығын енгізбекші екенін жаздық.