Ақ үй Трамптың қан айналым жүйесінде сырқат барын растады

Фото: whitehouse.gov

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп созылмалы көктамыр жетіспеушілігі деп аталатын қан ауруына шалдыққан, бірақ оның денсаулығы «өте жақсы күйде», деп хабарлайды NPR агенттігі.  

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт бұл ауру «әсіресе 70 жастан асқан адамдар арасында кең тараған дерт» екенін айтты.

Ақ үй 79 жастағы Трамп соңғы апталарда аяғындағы «ісінуден» кейін «кешенді тексеруден» өткенін айтты.

Дәрігер Шон Барбабелланың қызметтік жазбасында терең көктамыр тромбозы немесе артериялық жетіспеушілік сынды анағұрлым күрделі ауру белгілері анықталмағаны айтылған.

Медициналық тексеру нақты қай уақытта жүргізілгені әзірге белгісіз.

Ливитт сонымен қатар президенттің жақында түсірілген фотосуреттерінде айқын көрінетін қолдарындағы көгерген жерлер «жиі қол алысу мен жүрек ауруының алдын алу үшін аспирин қабылдаудан» туындаған тітіркенудің нәтижесі екенін айтты.

Жыл сайынғы физикалық тексеру нәтижесінде «оның қан айналым жүйесі қалыпты жағдайда» екені, президент жүрек саулығы үшін аспирин қабылдайтыны және Трамптың «денсаулығы өте жақсы» екені айтылған.

Созылмалы көктамыр жетіспеушілігі – бұл аяқтардан жүрекке қарай қанның еркін ағуына кедергі келтіретін көктамырлардың зақымдалуынан туындайтын ауру. Салдарынан қан аяқта жиналып қалады, бұл қысымның жоғарылауына, ал емделмеген жағдайда капиллярлардың жарылуына алып келуі мүмкін. Америкалық тамыр хирургиясы қоғамының мәліметінше, америкалықтардың 40%-ы осы диагноздан зардап шегеді.

Бұған дейін Калифорнияның Жоғары жылдамдықты теміржол басқармасы Сан-Франциско мен Лос-Анджелес арасындағы жоғары жылдамдықты теміржол (ЖЖМ) жобасын қаржыландырудан бас тартқаны үшін Дональд Трамп әкімшілігін сотқа берді.