Ақ үй Трамптың Зеленский және ЕО көшбасшыларымен кездесу кестесін жариялады

Фото: Oxu.az

АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің кездесуі бүгін Астана уақытымен сағат 22:15–те басталып, бір сағатқа созылады, деп хабарлайды Kazinform

АҚШ президентінің күнделікті кестесін жариялайтын Roll Call басылымының хабарлауынша, осыдан кейін Ақ үй басшысының Еуропа елдері басшыларының қатысуымен көпжақты кездесуі басталады. Ол 19 тамызда Астана уақытымен 00:00–ге белгіленген.

Трамп пен Зеленскийдің кездесуі Ресей-Украина қақтығысын реттеуге арналады.

Бұдан басқа, Ақ үй басшысымен көпжақты кездесуге Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони және Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен қатысады.

— Ертең Ақ үйде маңызды күн. Бұрын-соңды бір уақытта осынша көп еуропалық көшбасшы жиналған емес. Оларды қабылдау мен үшін үлкен мәртебе, — деп жазды Трамп Truth Social-да.

17 тамызда Владимир Зеленский, Еурокомиссия басшысы, НАТО бас хатшысы және еуропалық көшбасшылардың қатысуымен бейнеконференция өтті.

Ұлыбритания үкіметінің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеге сәйкес, конференция қорытындысы бойынша Батыс елдерінің басшылары қақтығыс аяқталғаннан кейін Украинада «қауіпсіздік күштерін» орналастыруға, елдің әуе және теңіз кеңістігін қорғауды қамтамасыз етуге және оның қарулы күштерін қалпына келтіруге көмектесуге дайын екенін атап өтті. 

Бұған дейін Зеленский Вашингтонға аттанғанын жазған болатынбыз.