АСТАНА. KАZINFORM – Америка тәуелсіздігінің 250 жылдығын тойлауға арналған іс-шаралар қарсаңында Ақ үйдің алдындағы оңтүстік көгалда UFC аренасының құрылысы басталды.
UFC Freedom 250 аталған іс-шара 14 маусымда, президент Дональд Трамптың 80 жылдық мерейтойында өтеді деп жоспарланған. UFC бұл жобаға шамамен 60 млн доллар жұмсауды жоспарлап отыр.
Өткен айда Трамп тілшілерге рингте 4500 жанкүйерге орын болатынын, тағы 50 мыңнан 100 мыңға дейін адам жекпе-жекті Ақ үйдің оңтүстігінде орналасқан Эллипсте орнатылған «үлкен экрандарда» көре алатынын мәлімдеді.
Алты жекпе-жек өтеді деп шамаланып отыр. Негізгі оқиға чемпиондық титул үшін екі жекпе-жек болмақ. Бразилиялық Алекс Перейра UFC-дің ауыр салмақтағы уақытша титулы үшін француз Сирил Ганмен, ал грузин Илья Топурия жеңіл салмақтағы қазіргі уақытша чемпион Джастин Гейтджимен кездеседі.
Ақ үй бұрын спорттық іс-шаралар мен ойын-сауық жарыстар өткізген. Бірақ UFC шоуы оның аумағында өтетін алғашқы кәсіби спорттық шара болмақ.
Америкалық көшбасшы UFC басшысын жақын досы деп санайды және осы спорт түрінің жанкүйерлерін өзінің саяси электоратының қатарына қосып отыр.