Ақ үйге жақын маңда атыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақ үйден бір миль қашықтықта болған атыстың егжей-тегжейі белгілі болды. NBC News арнасының хабарлауынша, бір адамның өмірін қиып, тағы төрт адам жараланған атысқа ұзақ уақытқа созылған қаржылық дау себепші болған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Рустем Кожыбаев / Kazinform

Күдікті ретінде 55 жастағы доктор Мэтт Ламберт аталып отыр. Полиция оның денесін жеті қабатты элиталық «Metropole» тұрғын үй кешенінің жетінші қабатындағы пәтерінен тапты. Ол өзін өзі атып қойған деген болжам айтылып отыр.

Ламберт бұған дейін таңғы сағат 8:30-да Vida фитнес орталығына оның 46 жастағы басқарушысы Джеймс Стюартты ату үшін келген. Спортзалға келген басқа ешкімге тиіспеген. Содан кейін Ламберт үйіне оралып, ішке қамалып алған. Хабарларға қарағанда, күдікті бірінші қабаттағы адамдарға өз пәтерінің балконынан оқ жаудырып, дәлізге де оқ атқан, артынша өзін-өзі атып өлтірген. Жараланған төрт адамның біреуінің жағдайы ауыр, қалған үш адамның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Дәрігер Ламберт, Metropole кондоминиум қауымдастығы және EJF Real Estate Services Inc. басқарушы компаниясы арасындағы пәтерден су ағып кетуіне байланысты туындаған дау, ұзаққа созылған жанжалға ұласқан. Ламберт пәтер 2024 жылы ғимараттың қасбетін жөндеу кезінде зақымдалғанын және мамандардың тексеруі мәселені шеше алмағанын мәлімдеген.

Ламберт залалды өтеуді және пәтерді жөндеу құнын төлеуді талап етті. Өйткені бұл оған 300 000 доллардан астам шығын әкелген. Істегі негізгі куәгер марқұм Стюарт еді. 2025 жылдың желтоқсанында Metropole қауымдастығы ылғалдың көп болуына Vida фитнес орталығын басқаратын Urban Adventures компаниясын кінәлап, қарсы шағым түсірген.

Полицияның мәліметінше, Ламберттің пәтерінен тіркелмеген үш қару: тапанша, мылтық және аңшы мылтығы табылды. Тергеу жүріп жатыр.

Бұған дейін Вашингтондағы Капитолий ғимаратының маңында болған төбелес кезінде Ұлттық гвардия сарбазына оқ атылғаны жайлы хабарлаған едік.