Ақ Жайық аруларын мейрамымен халық әртісі А.Әшімов құттықтады

None
ОРАЛ. 7 наурыз. ҚазАқпарат - 7 наурыз күні Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын болды.

Жиынға қатысушыларды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, әйел-аналардың, арулардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап көрсетті. «Ата-бабамыз әуелден ананы құрметтеген. Елдің елдігін сақтауда, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде әйелдердің рөлі зор. Тұмар ханымнан бастап қазақтың батыр қыздары Мәншүк, Әлия, Хиуазға дейін ел басына күн туғанда, атқа қонған арулар аз болмаған. Сол Баяндар мен Қыз Жібектер, Мәншүктер қазір де бар. Олар өмірдің әр саласында абыройлы еңбек етуде», деді әкім.

Бұдан кейін Ақ Жайықтың әйел-ана, қыз-келіншектерін атақты кино және театр майталманы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов құттықтады. «Қазақта әдемі арулар, батыр қыздар аз болмаған. Әсіресе, батыс өңірде. Шығыстан шыққан үш бірдей батыр Мәншүк, Әлия, Хиуаздың өздері неге тұрады. Олар ерліктің өшпес үлгісі ретінде халық жадында мәңгі қалады. Біз әрдайым аналарымызды, апа-қарындастарымызды қастерлеп, құрметтейміз. «Ана тілі» деп атаудың өзі анаға деген құрметті білдіреді. Бәрі де анадан бастау алады», деді А.Әшімов.

Жиын соңы облыс өнерпаздары қойған әдеби-музыкалық кешке ұласты.